Әскери қызметші ұрлаған қару-жарақтар толықтай табылды
Түркістан облысының әскери бөлімінен қару-жарақтарды ұрлап қашқан әскери қызметшінің төртінші сыбайласы ұсталды. Сондай-ақ ұрланған қару толық көлемде табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат порталына сілтеме берген Oinet.kz.
- «Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің жедел-тергеу тобы әскери бөлімнен қару ұрлаған кіші сержант А. Балғынбайдың төртінші сыбайласын ұстады. Ер адам полициядан танысының үйінде жасырынып жүрген. Одан әскери бөлімнен ұрланған екі «Макаров» тапаншасы мен травматикалық тапанша тәркіленді. Бұған дейін ведомствоаралық топ қызметкерлері әскери қызметшіден атыс қаруын сатып алған оның үш досын ұстаған болатын. Қылмыс жасағаннан кейін барлық күдіктілер бөлініп, полициядан жасырынып жүрген. Сондықтан ұстау бірнеше аймақта: Алматы, Шымкент және Түркістан облыстарында жүргізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмысқа қатысы бар барлық адамдарды анықтап, ұстау ғана емес, сондай-ақ олар ұрланған барлық қаруды тәркілеуге мүмкіндік туды. Бұл-29 «Калашников» автоматы және 28 «Макаров» тапаншасы, травматикалық тапанша және 2 дана пышақ. Бүгінгі таңда қаруды қылмыстық мақсатта пайдалану қаупі жоқ деп сеніммен айтуға болады», - делінген ақпаратта.
Атап өтілгендей, қылмыстық істер бойынша күдіктілер ретінде жалпы алғанда 8 адам жауапкершілікке тартылуда: төрт әскери қызметші (соның ішінде дивизион командирі) және А. Балғынбайдың сыбайластары – төрт азаматтық тұлға. ҚР ІІМ Тергеу департаментінің әскери-тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда.