Түркістан облысында оқушылар төбелесіп біреуі қаза тапты
Түркістан облысында мектепте жасөспірім көз жұмды. Қайғылы оқиға 18 ақпан күні сағат 13.30 шамасында орын алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейіндегі қазақ сыныбының екі оқушысы өзара керісіп қалған. Кикілжің нәтижесінде соққы алған жасөспірімнің бірі құлап тұрмай қалған. Мұны көріп қатты қорыққан екінші бала үйіне қашып кеткен. Мектептегілер құлаған балаға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жедел жәрдем қызметі шақырылған.
Фотоның мақалаға қатысы жоқ
Алайда ақ халаттылар баланы аман алып қала алмаған. Жедел жәрдем бригадасы жасөспірімнің қайтыс болғанын анықтаған. Қазір бұл жәйт бойынша Қазығұрт аудандық полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 104-бабы «Абайсызда қазаға ұшырату» бойынша іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалған. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.