Айтыскер ақындардың рейтингі жарияланады

Oinet.kz 07-02-2020 1373

Ақындардың жыл бойғы айтысқа қатысып, алған орындарына байланысты ұпай берілетін болады. Яғни бас жүлде алған ақынға 100 ұпай, бірінші орын алғанға 75 ұпай деген сияқты тізіледі. Сол жианлаған ұпайға сәйкес айтыскерлердің рейтингі жарияланады. Бұл туралы Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жыршы-термеші және айтыс ақындары одағының төрағасы Жүрсін Ерман айтып берді. 

Айтыскер ақындардың рейтингі жарияланады

Ол әр айтыс алдында ақындар рейтингі қалай жасалатынын түсіндірді.

"Бұрын да "Nur Otan" партиясымен бірігіп, ақындардың жыл бойғы айтысқа қатысып, алған орындарына байланысты орын беріледі. Бас жүлде алған ақынға 100 ұпай, бірінші орын алғанға 75 ұпай, одан кейінгілерге 50 ұпай, қатысқаны үшін 5 ұпай беріліп, рейтинг түзіледі. Рейтинг осылай қалыптасады. Ертеңгі Абай бабамыздың құрметіне орай өткізілгелі отырған айтыстың ақындары солай анықталды. Рейтингті сайтымыз арқылы жариялап отырамыз", - деп мәлімдеді Жүрсін Ерман.

Оның айтуынша, айтысқа қомақты жүлде тігу үрдісі 1997 жылдың қазан айында басталған екен. Осы уақытқа дейін 300-дей көліктің не өзі, не құны ақындарға берілді. Бестен, оннан, отыздан көлік мінген ақындар бар. Соның бірі – 35 автокөлік ұтқан Айнұр Тұрсынбаеваны да тілге тиек етті. 

Біз әркімге қол жайып, атқа мінген әкімнің қайсысының ұлттық өнерге жаны ашиды – соған байланысты жүлде тағайындап келе жатқан болатынбыз. Ендігі жерде біздің басымыз ауырмайтын болды. "Nur Otan" партиясы айтысты қаржыландыруды қамқорлыққа алды. Өткен жылдың қазан айында өткен айтысты, "Алтын домбыраны" да Мәдениет және спорт министрлігі қаржыландырып отыр. Оның құпия-сыры жоқ. Мысалы, "Алтын домбыра" додасына 30 миллион теңге көлемінде шығын шықты. Ол тек жүлде ғана емес. Ақындардың жолпұлы, жатын орыны, ішетін тамағы, сахнаның безендірілуі – бәріне ақша шығады, - деп айтты Одақтың төрағасы, ұлттық өнердің жанашыры Жүрсін Ерман.

Ол бүгінгі ақындардың арасына өте қуатты жастар легі қосылып жатқанына назар аударды. Айта кетейік, қазылар алқасының да еңбегі бағаланып, 200-300 мың теңге көлемінде ақы төленетін болады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ертең бас шаһардың Астана-концерт залында өтетін республикалық айтыс жаңалықтарға толы болайын деп отыр. Айтыстың жанашыры Жүрсін Ерман "бұрын ақындарды алдын ала жұптап қоятынбыз, ал 
ертең кіммен кім айтысатыны халықтың алдында белгілі болады" деді. Ол бұдан былай жаттандылыққа жол берілмейтінін айтты. Дүбірлі доданың жүлде қоры – 10 миллион 400 мың теңге.

Елбасы жайлы кітаптар жарық көрді ​
Ғалымдар қартаюға қарсы дәрі ойлап тапты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу