Ауыр жүк көліктеріне автожолмен жүруге тыйым салынады
Ауыр жүк көліктерінің автожолдарды талқандауы соңғы уақытта қалыпты жағдайға айналды. Әсіресе, елді мекендердегі жолдар шамадан тыс салмақтарды көтере алмай, бүлініп жатады. Жуырда осы мәселе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен жиында қаралды. Аталған министрліктің таратқан мәліметіне қарағанда, жиында ауыр жүк көліктердің қарқынды жүруінен автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылуының алдын алу шараларын қабылдау мәселесі талқыланған. Бұл мақсатқа тәулік бойғы режімде көлік құралдарының салмағы мен габаритін өлшеп отыратын автоматтандырылған стансалар желісін құру ұсынылады. Мұндай стансаларды республикалық және жергілікті маңыздағы автожолдарда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткізу тіректерінде және әрбір елдімекенге кіреберісте орнатып, барлық көлік ағынын толық қамтуды қарастырады.