Швецияда коронавирус жұқтырған азамат анықталды
Швецияда коронавирус жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді. Швеция мемлекеттік денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, Йёнчёпинг қаласының ауруханасында вирусты жұқтыру фактісі ресми түрде расталған, деп хабарлайды Oinet.kz сайты NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Науқас әйел вирус өршіген Қытайдың Ухан қаласында сапармен болған. Ол үйіне 24 қаңтар күні оралған. Жөтел мазалаған. Швеция мемлекеттік денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, оның сырқаты ауыр емес.
«Шведтер көп саяхаттайтынын ескерсек, бұл, біз үшін күтпеген жағдай емес. Біз жағдайды бақылап отырдық және мұндайдың боларын болжадық. Осындай жағдайлар бірқатар өзге де мемлекетте анықталды», - деп түсінік берді департамент басшысы Карин Тегмарк Визелл.
Оның айтуынша, "басқа елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, қазіргі уақытта инфекцияның таралу қаупі өте төмен". Швеция жаңа коронавирус анықталған Солтүстік Еуропадағы екінші мемлекет. Бірінші жағдай Финляндияда тіркелген болатын. Финдік қоғам денсаулығын сақтау институты сәрсенбі күні Рованиемидегі қытайлық туристе вирус анықталғанын ресми растады
Еске сала кетсек, бұған дейін қауіпті вирус жұқтырған жағдай көрішелес Ресейде де тіркелген еді. Вирусты жұқтырғандардың екеуі де Қытай азаматтары.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 9 800 адамға жеткен. Қауіпті вирус ғаламның 23 елінен анықталған.