Аудандық білім бөлімінің басшысын облыстық білім басқармасы тағайындайды
2019 жылғы 28 қарашада Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Осы Заңның шеңберінде қабылданған өзгерістерге сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату Білім және ғылым министрлігімен келісу бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Өз кезегінде білім беруді басқарудың облыстық органдары аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады. Еске сала кетейік, бұл құқық аудандардың жергілікті атқарушы органдарына берілген еді.
Аталған өзгерістер білім беру саласындағы басқару органдарының кадрлық құрамының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бірлескен, консультативтік шешім басқару органдарының басшы құрамын тағайындау кезінде объективтілікті, тиімділікті, сондай-ақ үйлестікті қамтамасыз етеді.