Тоқаевтан Жаңаөзен оқиғасын қайта қарауды талап етті
-Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы тұрғындары Қазақстан президентіне хат жолдап, 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде мұнайшылардың бейбіт ереуілі кезінде халыққа оқ атуға бұйрық берген лауазымды тұлғаны анықтауды талап етті,-деп хабарлады Азаттық радиосы. Хатқа Жаңаөзен оқиғасынан соң полиция атқан оқтан туыстарынан айырылғандар, жараланғандар, мүгедек болып қалғандар, жазықсыз қамалғандар мен қамауда зорлық-зомбылық көрдік деген қала тұрғындары мен мұнайшылар жалпы саны жүзге тарта адам қол қойған.
Жаңаөзен тұрғындары Нұрлыбек Нұрғалиев пен Мұратбай Жұмағалиев хатты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру үшін Нұр-Сұлтанға арнайы келгендерін айтады. «Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты ауқымды негізгі мәселе – қарусыз халыққа полицияның оқ атуы. Атыс қаруын қолдануға бұйрық беруге құқылы бірден-бір уәкілетті тұлға, ол – Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы болуы мүмкін бе? Бірақ полиция – төменнен жоғарыға бағынатын, атыс қаруын қатардағы полицияның өздігінен қолдануы мүмкін емес орган. Яғни – бұқара халыққа қарсы атыс қаруын қолдануға міндетті түрде біреу бұйрық берді. Демек, бұйрықты берген кім? Қарусыз адамдарға оқ атқандарды анықтап, жауапқа тартпай Жаңаөзен жағдайы тұрақтанбайтынын ескертеміз» делінген хатта.
Бұдан бөлек тұрғындар жараланғандарға, баласынан, туысынан айырылып, қатты күйзелістің салдарынан денсаулығынан айырылғандарға Жаңаөзен оқиғасынан зардап шеккен мәртебесін беруді талап етеді.
- 2011 жылы кім оқ атуға рұқсат берді? Сол мәселе қайта қаралсын және жеті ай ереуілде тұрған мұнайшылардың моральдық шығыны төленсін, зардап шекен отбасыларына мәртебе берілсін. Осындай талаптарды қойып отырмыз. Тоқаев мырза оны шешеді деп сенеміз,- деді Мұратбай Жұмағалиев.