Тұңғыш президенттің берген пәрмені жылға ғана жетті
Қазір бір нәрсе арзандайды десе, жұрттың елең ете қалары анық. Ал қымбаттайды дегенге бәріміз де үйренісіп қалдық. Қымбатшылықтың бәрі жаңа жылдан басталатыны белгілі. Биыл жаңа жылдан бастап не қымбаттайды?
Жаңа жылдан бастап Қазақстанның бірнеше өңірінде электр энергиясына белгіленген тариф қымбаттайды. Мұны антимонополиялық мекеменің басшылары жыл соңында-ақ ескертіп қойған болатын.
Желтоқсанда Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Д.Қайынбердиев үшінші мегаполисте электр стансаларымен өндірілетін электр энергиясының шекті тарифтерінің жоғарылауына байланысты электр энергиясының тарифі 2018 жылдағы деңгейге дейін жоғарылауы мүмкін екендігін айтқан болатын. Яғни, жарық 1 қаңтардан болмаса да биылғы жылы қымбаттайды деген сөз.
Осы жерде еске сала кетейік, Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылдың 7 қарашасында өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында коммуналдық қызмет бағаларын төмендету бойынша тапсырма берген болатын. Осы мақсатта Шымкентте талай-талай алқалы жиындар, тыңдаулар өтті. Нәтижесінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылумен жабдықтау бойынша орташа тариф тұрғындарға 1 Гкал үшін 6055,48 теңгеден 4910,28 теңгеге, заңды тұлғалар үшін орташа тариф 1 Гкал 17319,26 теңгеден 15587,34 теңгеге төмендетілді. Ал, газбен жабдықтау саласының тарифтері тұрғындарға 1 м3 үшін 34,47 теңгеден 32,47 теңгеге түссе, электр энергиясы 6,8 пайызға төмендетілген еді.
Енді міне, арада бар-жоғы бір жыл өтісімен жарықтың бағасы қайтадан 2018 жылғы деңгейге, яғни 6,8 пайызға жоғарыламақ. Сонда Тұңғыш президенттің берген тапсырмасының күші бір жылдық қана болғаны ма?