Ерке Есмахан өзіне сыйға тартылған 2 млн. теңгені қайырымдылыққа жұмсайтын болды
"Алло", "Қайда" әндерімен танылған Ерке Есмахан жақында "Серпін" жүлдесі мен екі миллион теңгеге ие болды. Бірақ, әнші өзіне берілген қаржылай сыйды қайырымдылық іске жұмсайтын болып шешті. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Фото Ерке Есмаханның Инстаграмдағы парақшасынан алынды
"Желтоқсан айында алған нешінші статуэткам екенінен өзім де, сіздер де жаңылысып кеттіңіздер-ау. Қысқасы, кезекті "Серпін" деген статуэткам. Бұл марапаттар ішіндегі ең "ірісі". Өйткені, менің шығармашылығым қазақ өнеріне аз да болса "серпін" әкелген деп бағаланды! Өте қуаныштымын! Статуэткамен қоса "Аида Кауменова" сән үйінің шапанын және екі миллион теңгені жүлде етіп берді.
Бұл ақшаны қайырымдылыққа жұмсаймын деп ниет етіп отырмын. Осындай "Qazaq music awards” шарасын ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, істеріне табыс тілеймін! Жыл бойы еңбек етсең, жыл соңында еңбегіңнің статуэткасын, ой жемісін жейді екенсің. Әр марапатым ата-анамның тілегі мен халықтың ыстық ықыласының арқасында! Мен соны бір сәтте болсын естен шығармайын! Жақсы көрем" , - деп жазды әнші.