Әбдірахымов, әлде Сауранбаев ... Есеп комитеті Шымкенттен қаржылық кемшіліктер анықтады
Есеп комитеті Шымкент қаласында тексеру жұмыстарын жүргізіп, бірқатар кемшіліктерді анықтады. Бірқатар дегенімізбен, тексеру барысында белгілі болған фактілер кім-кімді де болсын бейжай қалдыра алмайды. Тексеру 2018 жыл мен 2019 жылдың бірінші жартыжылдығын қамтыған. Сонымен...
- Аудит қорытындысы жүйелі кемшіліктердің бар екендігін, бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан тиісті мониторинг пен бақылаудың жоқ екендігін айғақтайды,-делінген осы тексеру қорытындысы бойынша өткен жиыннан ақпарат таратқан Есеп комитетінің баспасөз қызметі.
Әкімдікте бір көзден алу тәсілімен жасалған, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар шарттар үлесінің жоғары екендігі анықталған, атап айтқанда объектілерді салу бағыты бойынша бұл көрсеткіш 63,7 пайызды құраған.
Тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу жөніндегі жобаларға бюджет қаражатын жоспарлау кезінде кешенді тәсіл қамтамасыз етілмеген. Мәселен, ілеспе инфрақұрылымның болмауына байланысты екі жыл бойы халықтың тұрмысы төмен топтары мен көпбалалы отбасыларға арналған жалға берілетін 10 тұрғын үй (540 пәтер) мерзімінде пайдалануға берілмеген.
2018 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген жалға берілетін тұрғын үй тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы респонденттердің 62 пайызы берілген пәтерлердің сапасына қанағаттанбайтынын көрсеткен.
Шымкент қаласының бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жобаларды іске асыру барысында республикалық бюджеттен бөлінген 665,2 миллион теңгені негізсіз пайдалануға әкеп соққан, орындалған жұмыс көлемі мен сапасын растаудың анықтығын қамтамасыз етпеу фактілеріне жол берген. Атап айтқанда, Шымкент қаласының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы» жобасы бойынша құны 358,3 миллион теңгеге асырылған құрал-жабдықтарды қабылдаған. Жолдарды күрделі жөндеу тұрғын үйлер орналасқан учаскелерде және авариялық жағдайдағы учаскелерде жүргізілген. Шымкент қаласы автомобиль жолдары басқармасы осы учаскелерде туындаған проблемаларды жоюдың орнына құрылыс жұмыстарын алып тастаған. «Осының нәтижесінде көлік желілерін жақсарту және дамыту жөніндегі мақсаттарға тиісті деңгейде қол жеткізілмеген және осы аудандарда тұратын халықтың жағдайы нашарлаған, бұл әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін. Сапасыз орындалған жұмыстардың және Экологиялық кодекстің талаптарын сақтамаудың салдарынан 2018 жылы пайдалануға берілген, жалпы сомасы 1 194,4 миллион теңгеге Шымкент қаласындағы Қайтпас-2 шағынауданының кәріз жүйелерін салу және Шымкент қаласындағы Тоғыс елді мекенінің кәріз жүйелерін реконструкциялау бойынша объектілер пайдаланушы ұйымдарға берілмеген. 2018 жылдан бастап КЛЭП-110 кВ қоректендіретін 110/10 кВ Астана-1, Астана-2 қосалқы станциялары жұмыс істемейді және пайдаланылмайды, бұл бюджет қаражатының жалпы сомасы 7 082,6 миллион теңгеге тиімсіз пайдаланылуына алып келген»,- делінген Есеп комитетінің таратқан мәліметінде.
Бюджет заңнамасын бұза отырып, 2018 жылы Шымкент қаласының әкімдігі Қаржы министрлігінің келісімінсіз сомасы 10 миллиард теңгеге кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға арналған бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асырған. Тартылған қарыз қаражаты «Shymkent» ӘКК» АҚ-ға бюджеттік кредит түрінде, кредит қаражатының қайтарылмау тәуекеліне әкеп соғатын, бюджет заңнамасы өрескел бұзыла отырып бөлінген. Сонымен қатар, «Shymkent» ӘКК» АҚ кредитті пайдаланғаны үшін 1,8 миллиард теңге сомасында сыйақы төлеуден заңсыз босатылған, бұл Шымкент қаласы бюджетіне түсетін салмақты ұлғайтқан.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 985,8 миллион теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған, тиімсіз жоспарлау 10 028,6 миллион теңгені құраған, сомасы 13 054,7 миллион теңгеге қаражатты тиімсіз пайдалану және рәсімдік бұзушылықтың 539 фактісі анықталған. Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке, Шымкент қаласының әкіміне, Ұлттық экономика, Қаржы, Білім және ғылым, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар беріп отыр. Уәкілетті органдарға жеке және заңды тұлғалардың әкімшілік жауаптылығын қарау үшін 119 материал жіберілді. Жекелеген бұзушылықтар фактілері бойынша Есеп комитеті процестік шешім қабылдау үшін мемлекеттік аудит материалдарын құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылдаған. 2018 жыл мен 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Шымкентте Нұрлан Сауранбаев пен Ғабидолла Әбдірахымовтың әкім болғаны белгілі. Қазір Сауранбаев Президент әкімшілігінде лауазымды қызмет атқарады. Әбдірахымов Премьер-министрдің кеңесшісі. Яғни екеуі де айға ұшып кеткен жоқ. Егер басқа болса, бюджеттің миллиардттарын тиімсіз жұмсағаны үшін баяғыда-ақ сотталып кетер ме еді. «Бюджеттің әрбір тиыны үшін бастарыңды жұлып аламын» деген қағида әзірге бұл екеуіне жүрмейтін сияқты. Есеп комитеті осы екі лауазым иесін Шымкентті басқарған жылдары жіберген кемшіліктері үшін тым құрыса тәртіптік жазаға тарта алар ма екен?
Бақытжан Әбдірашұлы,
"Рейтинг" газеті, №47, 2019 ж