Жетісай қаласында жемқорлықты әшкерелейтін спектаклы қойылды

Oinet.kz 19-11-2017 951

Жетісай қаласы.jpg

Періштедей аппақ болып киінген Оң қол мен қызыл түлкідей қутыңдаған Сол қол сахнада жұдырығымен де, пікірімен де сайысып жүр. Оң қол Адамды, яғни лауазымды креслоға қонжиған Басекені әділдікке, жақсылыққа шақырса, Сол қол «Жаратқаннан кейiнгi құтқарушы күш менмiн!» деп тәкаппарланып, жамандыққа, азғындыққа итермелейдi. Оң қол: «Қоғамға әдiл Адам керек. Иемiзден әдiлдiк күтейiк!» деп шырылдаса, Басекеге жылмыңдап жағымпазданған Сол қол жаңа қызметiне көрiмдiк, яғни пара бередi. Мұны көрген Оң қол: «Параны алмаңыз, жоламаңыз жамандыққа, Сiзге ор қазып жатыр» деп жанұшырып араша түседi. Құлқынға кеп түскен ақшаға кет әрi емес Басеке: «Оң қол, сенi ылғи тыңдаймын... Бәлкiм, шамалы... Арасында... Сол қолдiкi де жөн болар» деп шайтанның арбауына алданып қалады. Осы сәтте Сол қол: «Береген қолым алаған!.. Мiне, бүгiнгi заман!» - деп параны Басекесінің қабылдағанына қуанып, шаттанады. Бұған ызаланған Оң қол: «Ей, адамдар! Параны алған да, берген де қоғамның қылмыскерлерi. Бiле бiлсеңдер, бұл заңға да, шариғатқа да күнә iс...» деп зар қағады. 

Оң қол мен Сол қолдың арасында қайсысының сөзін тыңдап, қайсысының соңынан еруді білмей, басы қатып, дәрменсіздік танытқан Басеке ақыры арам ақшаны аспанға лақтырып, екеуін татуластырудың әрекетін жасайды. «Сен екеуiң де менiң қолымсыңдар. Әдiлдiк деп соққан менiң жүрегiмнiң әмiрiн орындаңдар. Өмiрде опасыздыққа, әдiлетсiздiкке, жемқорлық пен парақорлыққа жол бермеңдер!» деп, көрермендерді пәлсапалық ойға шақырады...

Бұл драматург Сая Қасымбектің қаламынан туған «Қол» атты әпсанадан үзінді. Таяуда бір апта бойына Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында сахналанған осынау спектакль идеясының авторы, Мақтарал аудандық білім бөлімінің басшысы Лесхан ҚОЙЛЫБАЕВпен де  сәтін тауып, әңгімеге тарттық. 

 - Талайдан бері санамды мазалап жүрген тақырып болатын. Қызметке алғаш келгенде ниет қылдым, алғашқы жартыжылдықтан соң көпшілікке айттым, енді іске асырдым. Талай адаммен ақылдастым, ғаламторды ақтардым, сөйтіп білім саласына қатысты пьеса жазылу керек деген тоқтамға келдім. Алғаш тақырыпты – педагогика саласына ғана қатысты еткім келген, бірақ, оның ауқымы тарыла бастады. Білім саласындағы сыбайластық күнделікке баға қоюдан бастап, барлық саланың арасын жалғау керек болды. Өйткені, осы саладағы тәжірибем – сыбайластықтың алғышарты мектептен, яғни күнделікке, журналға өтірік баға қоюдан басталатынын ұғындырды. Осыған тосқауыл болатын талай іс-шараларды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен  ұйымдастырдық. Өңір басшысы кезінде Білім және ғылым министрі болып қызмет атқарғаны баршаға белгілі, демек бұл саладағы шешімін табуы тиіс күрделі мәселелерді жақсы білетіні айтпаса да түсінікті. 

Сабақты ине сәтімен демекші, бір күні Мақтаралдан Шымкентке бара жатқан жолда «Шалқар» радиосынан әуе толқынына тараған драматург Сая Қасымбектің шығармасының радио нұсқасын тыңдадым. Осы сәтте жоспарыма жан біткендей күй кештім. Хабар біте салысымен, бірден Сая Қасымбекті сұрастырып, аудандағы театр басшысы Бақыт ағаға хабарластым. Сая Қасымбек жайлы сұрап, телефонын алып, тілдестім. Кейін іздеп барып, жолығып, санамда жүрген идеяны алдына жайып салдым. Идея қолдау тауып, «Қол» атты әпсана дүниеге келді. Оны сахналап, аудандағы бүкіл педагог қауымға көрсетуге тырыстым. Сөзбен айту бөлек қой, ал театрдан жемқорлықтың жиіркенішті екенін көрген адамның санасында сәуле пайда болып, көзқарасы өзгеретіні анық. Міне, театрдың құдіреттілігі де осында. Өмір тоқтамайды, бүгінгі мұғалім ертең директор болуы мүмкін, сол кезде креслосына қолы таза барсын деген мақсат менікі,-дейді ол ағынан жарылып. 

Ш. Қожамжар, 

Мұрағаттан, 2017 ж

Ақмолада тұрғындар үш жылдан бері қоқыс қалдықтарын өңдейтін зауыттан улануда
Шымкенттік дәрігерлер жүрек ауыстыра алады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу