Нұрболхан Шарапов: «Мені заказбен «убрать» етпекші болды»
Бірнеше күн бұрын Ләйлә Сұлтанқызымен соттасып, жеңіп шыққан әзілкеш Нұрболхан Шарапов «Nursultan Qurman»-ның Youtube-тегі каналына сұхбат беріп, сот жайлы былықтарды ашып айтып берді, деп жазады Oinet.kz тілшісі.
«Тамыздың он сегізі күні ұшақтың бизнес класына отырдым. Сол кезде ту сыртымнан біреудің қарап отырғанын сездім. Сөйтсем Ләйлә Сұлтанқызының жолдасы екен. Қасында Ләйлә Сұлтанқызының өзі мен баласы отырды. Сол кезде ол кісінің жолдасы «Жағдайды естіп жатырмын, соттасқанды қойыңдар. Өзіңнің рулас әпкең»-деді. Бір қызығы келесі күні Ләйлә Сұлтанқызы мені сотқа берген. Сол күні мені сотқа шақырғаны туралы хабарлама келді. Бірнеше сот болды. Барлық сот отырысына мен өзім қатыстым. Ләйлә Сұлтанқызының өзі бірде бір сот отырысына келген жоқ. Ол кісінің адвокаттары мені «Екі жылға бас бостандығымнан айыру және 5 млн теңге өндіру туралы» арыз берген.Сот қарсаңында менің ватсабымды екі рет бұзды. Оны зорға дегенде қайтарып алдым.
Ләйлә Сұлтанқызы мені Ұлттық қауіпсіздік комитетіне де бергенге ұқсайды. Себебі Ақтаудың әуежайында ҰҚК бір қызметкерімен кездесіп қалдым. Ол кісі «Сенің барлық дерегіңді тексердік. Таза шықтың» деді. Негізі мені «убрать» деген тапсырыс түскен. Содан кейін мені біреу өлтіріп кете ме деп қорықтым. Бірақ Құдайдан бұйрық келсе өлтірсе өлтіріп кетер деп, өзімді Құдайға тапсырдым.
Осылайша сотта жеңіп шықтым. Енді ол кісі менің барлық материалдық шығындарымды өтеуі тиіс. Мен енді ол ақшаны алып, қайырымдылыққа жұмсамақпын. Ол кісі менімен бірге Бибігүл Дәулетбекқызын да сотқа берген. Оның ісі әлі аяқталған жоқ. Оның да жеңіп шығуына тілектеспін. Осы оқиғалардың бәрінен кейін Ләйлә Сұлтанқызының жақын араласқан достары да теріс айналған шығар деп ойлаймын» - деді әзілкеш.