Арыстың ауруханасындағы күрделі жөндеу аяқталды
Оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан зардап шеккен Ароыс қаласындағы ғимараттар қалпына келтірілуде. Мәселен 1989 жылы 212 төсекжайға арналып салынған Арыс қалалық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, өз жұмысын қайта жалғастырды. Бұл туралы Арыс қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Апаттан кейін толық жөндеуден өткен ауруханада заманауи «Триаж жүйесі» іске қосылып, медициналық ақпараттық жүйемен қамтылды. Арнайы қызыл, сары, жасыл түсті бағыттарға арналған принтерлермен жабдықталып, электрондық қолтаңбалар орнатылды. Құрылыс жұмыстарын «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ жүргізді.
Күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде аурухана заманауи медициналық қондырғылармен толық жабдықталған.
Айта кетері, бүгін, 27 қыркүйекте Үкімет жетекшісінің орынбасары Роман Скляр Арыс қаласында болып, тұрғын үйлер мен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының барысын қадағалады. Арыста барлығы 68 әлеуметтік нысан орналасқан (білім беру, денсаулық сақтау және спорт мекемелері), олардың 64-і – күрделі жөндеуді және 4-еуі – толықтай қалпына келтіруді талап еткен болатын. Үкімет басшысының орынбасары Нұр-Сұлтан қаласына бекітілген 9-сектордың құрылыс алаңын аралап шығып, қайта салынған жеке үйлерге кіріп, олардың егелерімен әңгімелесті. Мұнда басым бөлігі жер үйлер мен 50-ден астам көпқабатты тұрғын үйлерден тұратын 700-ге жуық нысан бой көтерген. Құрылысшылармен кездескен Роман Скляр Нұр-Сұлтан қаласына бекітілген құрылыс қарқынын жылдамдатуды, бекітілген кестеден кешікпей, құжаттандыру жұмыстарын шұғыл арада толықтай өткізуді тапсырды. Жұмысшы топ Арыс қаласында жиналыс өткізіп, құрылыс барысы мен нақты атқарылған жұмыс нәтижелерін талқылады.