Мырзакентті абаттандыру қарқынды жүріп жатыр
Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінің орталық алаңын заман талабына сай көрікті етіп жасау үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін алаң алдағы уақытта аудан тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ. Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мердігер "Строй.ком "Прогресс" ЖШС-і салып жатқан кешен қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нысанның бас жобалаушысы - "Авангард-ОК" ЖШС, ал техникалық қадағалаушысы - "Royal Company" ЖШС. Мақтаарал ауданы әкімдігінің тапсырысымен жасалып жатқан ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін 30-ға жуық адам жұмысқа тартылған.
Алаңның басым бөлігі брусчаткамен қапталып, қалған бөлігіне асфальт төселуде. Сондай-ақ, қоқыс жәшіктері, орындықтар, шатыр астындағы орындар орнатылатын болады.
Демалыс орнын көріктендіру үшін газон төселіп, акациялар, шыршалар, теректер егіліп, өсірілмекші. Ең бастысы - ауа-райы ыстық мекенде тұрғындар үшін бірнеше субұрқақ орнатылуда.
Жалпы қазіргі таңда аудан орталығында абаттандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 9 дана ойын алаңшалары салынуда. Сондай-ақ, қазіргі таңда 3 көшеге аяқжол төсеу жұмыстары жүргізілуде және 3 көшеге жарықтандыру жұмыстары жасалып бітті.