Электронды денсаулық паспорты туралы вице-министр Олжас Әбішев түсіндіріп берді
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев электронды денсаулық паспортының мүмкіншілігі туралы кеңінен айтып берді, деп хабаралайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Ақпараттық қауіпсіздікке келер болсақ, цифрландыру жүйесі қолға алынбай тұрып қағаз түріндегі амбулаториялық карталар мен жазбалар болған. Ол кезде медициналық мәліметтің құпия сақталатыны туралы ешкім кепілдік берген жоқ»,- дейді вице-министр.
Ол цифрландыру жүйесі қолға алынғанға дейін кез келген еден жуушы, техникалық қызметкер науқас туралы кез келген мәліметті көріп, дәрігер жазбасымен танысып, тіпті суретке түсіріп алу мүмкіндігі болғанын айтты.
«Ал цифрландыру деңгейінде бізде қауіпсіздік бойынша 99,6% алтын стандарт сақталады. Сондай-ақ, біз Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірігіп, пациент қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Ай сайын ақпараттық қауіпсіздік бойынша өзіміздің ішкі құрылымда да, сыртқы құрылымда да тексеру жүргіземіз»,- дейді Олжас Әбішев.
Жуырда вице-министр өзінің емханаға барып, арнайы жүйенің қалай жұмыс жасайтынын білмек болған.
«Екі апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы №6 емханаға бардым. Мен сол емханада тіркелгенмін. Жүйенің қалай жұмыс істеп тұрғанын тексеру үшін өзіммен бірге ұялы телефон мен жеке куәлігімді ғана ала бардым», - дейді ол.
Вице-министр ол емханаға көп адам қаралатынын айтты.
«Ол - стандартты емхана. Мен смартфон арқылы дәрігерге алдын ала жазылып, олар жеке куәлігім арқылы мен туралы жазбаларды көрсетті. Ешқандай амбулаториялық карта болған жоқ», - дейді ол.
Ол азаматтың қалауы бойынша медициналық жазбаларды қағазға шығарып беруге болатынын айтты.
«Медициналық жазбаларды қолға шығарып беруге тыйым салынбаған. Бірақ кеңес алу мен дәрі-дәрмек жазып беруге дейінгі мелициналық қызмет түрлерін осы электрондық денсаулық картасы арқылы алдым. Дәрігерге екі апта жөтеліп, тамағым ауырғанын айтып едім, ол ішетін дәрі-дәрмек туралы мәліметті электронды форматта берді. Аймақтарда техникалық мәселелер туындайтын шығар, бірақ мұның бәрі - шешілетін мәселе», - дейді Олжас Әбішев.