Шардаралық шаруалар жылына екі-үш мәрте өнім жинайды
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданына жасаған сапары барысында жылына екі-үш рет өнім жинау тәжірибесін жаппай енгізу туралы тапсырма берді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ө.Шөкеев іссапарын Жаушықұм ауылдық округіндегі бақша өнімдерін өсіретін «Тұрар» шаруа қожалығын көруден бастады. Қожалық өз алқабында алдымен қарбыз егіп, өнімін ертерек жинап алған. Артынша шілде айында қырыққабат пен қызылша, пияз өсірді. Жапония мен Швейцария, сондай-ақ Түркиядан сатып алынған заманауи технологияны пайдаланған шаруалар қымбат бағалы дән мен тамшылап суару әдісін қолданған. Нәтижесінде өнім сапалы әрі қалдықсыз шыққан. Қожалықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта да әр ауылда осы екі кезеңді егіс жинауды жаппай қолға алуды тапсырды.
Айта кетейік, 2012 жылы ашылған қожалықтың жалпы аумағы 286,0 гектар жері бар. Күні бүгінге дейін жеке инвестициялық салымдармен қаржыландырылып келген шаруашылықта 20 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта, «Тұрар» шаруа қожалығына 14,3 млрд. теңге қаражат инвестицияланбақ. Осылайша 12500 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Қажетті қаржы Еуропа қайта құру және Даму банкісі тарапынан қарастырылуда.
«Тапсырманың тиянақты орындалғанын көріп тұрмын. Бірақ бұл тек бір ғана шаруа қожалығының атқарған ісі. Өнімнің сапасы да көзге көрініп тұр. Дәл осы бір жылда екі-үш рет өнім жинау әдісін тұтастай барлық ауыл округтерінде қолға алу керек. Үйреніп, одан әрі дамыта түсу керек», – деді аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы.