Көлкенттің ауыл шаруашылығындағы қарқынды қадамдары

Oinet.kz 23-07-2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту – ел дамуының маңызды бағыттарының бірі екенін үнемі атап келеді. 

Screenshot_5.png

Осы міндеттерді жүзеге асыру жолында Көлкент ауылдық округінде аграрлық саланы дамытуға, жер ресурстарын тиімді пайдалануға және мал шаруашылығын өркендетуге ерекше көңіл бөлінуде.

Көлкент ауылдық округінің жалпы жер көлемі 9902 гектарды құрайды. Оның ішінде 7249,2 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болса, 3822,2 гектары егістік, 1517,2 гектары жайылым, ал 2106 гектары су аймағы мен басқа жерлерге тиесілі. Бұл көрсеткіштер округтің ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы табиғи әлеуетке ие екенін аңғартады.

Округ құрамына 8 елді мекен кіреді. Жалпы халық саны 23 387 адамды, ал үй саны 2935 ауланы құрайды. Ең ірі елді мекен – Көлкент ауылы, мұнда 9876 тұрғын тұрады. Сонымен қатар Ақсуабад, Қосбұлақ, Ханқорған, М.Оразалиев, Теспе, Жаңатұрмыс және Шапырашты ауылдарының тұрғындары да негізінен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді.

Бүгінде округте 795 ауыл шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді. Оның ішінде 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 4 өндірістік кооператив, 786 шаруа қожалығы және 2 өңдеу цехы бар. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға өз үлесін қосып келеді.

Мал шаруашылығы да округ экономикасының маңызды саласы саналады. Қазіргі таңда 21 025 бас ірі қара, 6188 жылқы, 15 723 бас қой-ешкі және 14 804 үй құсы өсірілуде. Мал басының тұрақты көбеюі мен өнім көлемінің артуы өңірдегі шаруалардың жүйелі еңбегінің нәтижесін көрсетеді.

Егіншілік жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникаларының да маңызы зор. Округте бүгінде 117 техника бар. Оның ішінде 89 трактор мен 2 астық жинайтын комбайн шаруалардың игілігіне қызмет етуде. Заманауи техникаларды пайдалану егіс жұмыстарының тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Көлкент ауылдық округінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жерді тиімді пайдалану, өндірісті ұлғайту, мал шаруашылығын дамыту және өңдеу саласын кеңейту арқылы ауыл экономикасын нығайту – басты міндеттердің бірі. Ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі мен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде округтің аграрлық әлеуеті алдағы жылдары да арта түсетіні сөзсіз. 

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрамда ет өндірісінің әлеуеті артып келеді
Сайрамда ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу