Сайрамда ет өндірісінің әлеуеті артып келеді

Oinet.kz 18-07-2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл шаруашылығы – экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Біз азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, өңделген өнім көлемін арттырып, экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуымыз қажет», – деп атап өткен болатын.

Screenshot_4.png

Президент жүктеген осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған ірі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Осы орайда Түркістан облысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арнайы жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Сайрам ауданындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Сапар барысында Манкент ауылында орналасқан «KAZ ECO MEAT» ЖШС ет комбинатының өндіріс алаңын аралап, кәсіпорынның жұмыс барысын зерделеді.

Министр жауапты сала мамандарына өндіріс сапасын одан әрі арттыру, экспорт көлемін ұлғайту және жобаны тиімді іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ облыс әкімімен бірге кәсіпорын ұжымымен және жергілікті шаруалармен кездесіп, ет өндірісін дамыту, мал шаруашылығының әлеуетін көтеру және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелерін талқылады.

Кәсіпорында жылына 30–40 мың тонна ет өндіріледі. Құрылыс жұмыстары өткен жылы толық аяқталған. Жалпы аумағы 460 гектарды құрайтын өндіріс орнында жылқы, ірі қара және ұсақ мал еті терең өңдеуден өткізіледі. Кәсіпорынның өндірістік қуаты бір ауысымда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік береді.

Заманауи технологиялармен және жоғары сапалы құрал-жабдықтармен жабдықталған кәсіпорында бүгінде 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 200 мың теңгені құрайды. Өндірілген өнімнің 50 пайызы ішкі нарыққа, қалған 50 пайызы сыртқы нарыққа экспортталады.

Айта кету керек, Түркістан облысы бүгінде елімізде мал шаруашылығы мен ет экспорты бойынша жетекші өңірлердің бірі саналады. Облыста мал бордақылау алаңдары мен заманауи ет комбинаттарының саны артып, өндірістің толық циклі қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтіп, ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігі артуда.

Қарабұқақта ірі сауда орталығы салынып жатыр
Көлкенттің ауыл шаруашылығындағы қарқынды қадамдары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу