Кітап салт-дәстүрді сақтаудың ең сенімді құралы

Oinet.kz 25-11-2025 22

Шымкент қалалық орталықтандырылған «Абай» кітапханасының кітапханашысы Мақсат Өтепов үшін салт-дәстүрді сақтау мен жастарға ұлттық құндылықтарды жеткізу тек кәсіби міндет емес, азаматтық борыш. 

Screenshot_12.jpg

Оның айтуынша, қазіргі қоғамда ақпарат ағымы тым жылдам болғанымен, адамның рухани әлемі бәрібір ұлттық тамырдан нәр алады. «Жастардың ойы ашық, білімі терең болғаны жақсы, бірақ сол білім өз ұлтының мәдениетін түсінумен ұштасқанда ғана шынайы құндылыққа айналады» дейді кітапханашы Мақсат. Кітапхананың тынысы мен ондағы оқырмандардың әңгімесі арқылы ол әр күн сайын дәстүрдің ұлтты ажыратпайтын, керісінше біріктіретін күш екенін сезінеді.

Мақсат Өтеповтің айтуынша, қазіргі жастардың ұлттық тәрбиені кітап арқылы қабылдауы әлдеқайда тиімді. «Кітап – адамның өткені мен бүгінін байланыстыратын көпір. Бала кітап оқыса, ол өзі байқамаса да дәстүр туралы ой түзей бастайды. Абайды оқыған жас рухани тазалықтың не екенін түсінеді, Шәкәрімнен әділеттілікті, Ыбырайдан тәрбие мен білімнің маңызын көреді. Әдеби мұра салт-дәстүрдің ең әдемі көрінісі» дейді ол. Мақсаттың сөзінше, қазақтың көркем әдебиеті ұлттық дүниетанымның тұтас энциклопедиясы, ал кітапхана сол мұраны жас буынға жеткізетін рухани орда.

Салт-дәстүр дегенде Мақсат ең алдымен адамшылық қасиеттерді алға тартады. «Дәстүр – ол, әдеп. Амандасу, үлкенге жол беру, кішіге қамқорлық, алыс-жақынға құрмет көрсету осының бәрі салттың өзегі. Біз жастарға ұлттық құндылықты үйретеміз десек, алдымен осы қарапайым әдептен бастауымыз керек» дейді ол. Кітапханаға келген оқушылардың алғаш кітап алғандағы қуанышын көргенде, олардың бойында жаңа танымның оянатынын сезінеді. «Ұлттық тәрбие құр сөзбен емес, әрекетпен беріледі. Кітапқа деген құрмет те ұлттық тәрбиенің бір бөлігі» деп есептейді ол.

Жастармен жұмыс барысында Мақсат Өтепов жиі кездесетін мәселелердің бірі олардың салт-дәстүрді тек сыртқы форма ретінде қабылдауы. «Кейбір жас буын дәстүрді тек Наурызда киіз үй тігіп, ұлттық киім кию немесе ұлттық тағам дайындау деп ойлайды. Бірақ дәстүрдің ең терең қабаты – сөз. Әңгіме, кеңес, бата, өсиет, мұның бәрі адамды тәрбиелейді. Біз кітапханадағы әр кездесуде осыны түсіндіруге тырысамыз» дейді ол. Оның айтуынша, бата – тәрбиенің ең көркем үлгілерінің бірі. Жастар үлкен кісінің батасын естігенде, сол сөздің қуатын сезінеді. Бұл рухани байланыстың бастауы.

Мақсат Өтепов жас оқырмандарға дәстүрді түсіндіруде мысал келтіру әдісін жиі қолданады. «Әр қазақтың отбасында орын алатын қарапайым жоралғылардың өзі терең тәрбиелік мәнге ие. Мысалы, тұсаукесер – баланың түзу жолмен жүруін тілеген ниет. Бұл тек рәсім емес, балаға бағыт, тілек. Бесікке салу – сәбидің тазалық пен тыныштықта өсуіне деген қамқорлық. Ал бата беру – жасқа ақ жол тілеу, өмірге қорықпай қадам басуға жігер беру. Осыны балаға түсіндіргенде, олар дәстүрді бұрынғыдан да жақсы түсіне бастайды» дейді ол.

Кітапханашы өз тәжірибесінде жастардың ұлттық құндылыққа бет бұра бастағанын байқайды. «Соңғы жылдары оқырмандар арасында Абай, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев сияқты классиктерге деген қызығушылық ерекше артты. Бұған мен шын қуаныштымын. Әдебиетті оқыған жас ұрпақ ешқашан тамырынан ажырамайды. Кітап дәстүрді сақтаудың ең сенімді құралы» дейді Мақсат. Оның ойынша, ұлттың рухани өркендеуінің кілті әдебиет пен тәрбие. Бұл екеуі бірге жүрсе ғана қоғам ілгерілейді.

Мақсат Өтепов жас оқырмандарды тек кітаппен емес, өмірмен тәрбиелеу керектігін айтады. «Бала кітаптан алған білімін күнделікті өмірде қолдана білуі керек. Сабырлылық, имандылық, қанағат, қайырымдылық, еңбекқорлық, бұл қасиеттер дәстүрдің негізінде жатыр. Біз балаларды осы құндылықтарға баулығанда ғана ұлттық тәрбиенің шынайы жемісін көре аламыз» дейді ол. Оның пікірінше, тек білімді емес, адамгершілігі мол ұрпақ тәрбиелеу қазіргі қоғам алдындағы ең басты міндет.

Мақсаттың жастарға жиі айтатын бір сөзі бар: «Дәстүр – сенің кім екеніңді, қайдан шыққаныңды, қандай жолмен жүру керектігіңді көрсететін шамшырақ. Одан алыстамаған адам адаспайды». Ол бұл сөзді әр оқырманның жүрегіне жететіндей етіп айтады. Әсіресе жасөспірімдермен жұмыс істеу барысында оның осы ұстанымы тәрбиелік күшке айналады.

Қорытындылай келе, Мақсат Өтеповтің көзқарасы бүгінгі жас буынды рухани тұрғыдан байытуға бағытталған шынайы ниет пен қажырлы еңбек дер едік. Ол үшін кітапхана тек кітап сақтайтын орын емес, ұлттық рухты тарататын орта. Салт-дәстүрді дәріптеу арқылы ол жастардың санасына адамгершілік пен мәдениеттілік дәнін себіп жүр. «Ұрпақ тәрбиесі бір күндік іс емес. Бірақ әр оқылған кітап, әр айтылған бата, әр түсіндірілген дәстүр сол болашаққа апарар жолдың бір кірпіші» дейді ол. Осындай азаматтар көбейген сайын ұлттық тәрбие де, ұлттық құндылық та мәңгілік болмақ.

Аида Рысбекқызы

Салт-дәстүрі сақталған отбасы
«Біздің салт-дәстүріміз сөзден басталады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу