«Біздің салт-дәстүріміз сөзден басталады»
Шымкент қаласындағы танымал драматург Сая Қасымбек үшін салт-дәстүрді сақтау тек шығармашылықтың бір бөлігі емес, ұлттық болмысты сақтап қалудың ең маңызды жолы.

Оның айтуынша, халықтың мәдени тамыры үзілмесе, ұлттың рухы да мәңгі тірі болады. Сахнаға қойылған әрбір пьеса, жазылған әр диалог, айтылған әрбір сөз бүгінгі буынға ұлттық құндылықты жеткізудің құралы. «Қазақтың дәстүрі сахналық көрініс емес, өмірдің өзінен алынған шынайы философия. Сол философияны жастарға жеткізе білу біздің парызымыз» дейді ол.
Сая Қасымбек шығармаларының негізгі өзегі – адам мен қоғам, ата дәстүр мен замана арасындағы байланыс. Ол пьесаларын жазу кезінде өзге авторларға еліктемей, қазақы өмірдің ішкі рухын ашуға тырысады. «Ұлттық тәрбиені жастарға түсіндіру үшін алдымен дәстүрдің терең мәнін өзің түсінуің керек. Дәстүр деген өлі рәсім емес, тірі мұра. Ол адамға бағыт береді, өмірді танытады, мінез қалыптастырады» дейді драматург. Оның айтуынша, жастар салт-дәстүрді кейде тым ресми дүние деп қабылдайды. Ал шын мәнінде, қазақы әдептің әрбір бөлшегі адамды тәрбиелейтін үлкен мектеп.
Драматургтың пікірінше, ұлттық құндылықты сақтау үшін көбіне сөзден гөрі әрекет маңызды. «Біз жастарға тек насихат айтып қана қойсақ, олар оны тыңдай да, ойланбай да қалуы мүмкін. Ал сахнадағы шынайы оқиға, сезім, эмоция жастардың жүрегіне тікелей әсер етеді. Өнер тәрбиенің ең қуатты құралы» дейді ол. Сондықтан да ол өз қойылымдарында ата-ана мен бала арасындағы байланысты, үлкенді сыйлау дәстүрін, қазақы мейірім мен жан жылуын көрерменге нақты көріністер арқылы жеткізуге тырысады. Әсіресе ұлттық құндылықтар оның шығармашылығында ерекше орын алады.
Сая Қасымбек жасөспірімдермен жиі кездесіп, шығармашылық сабақтар өткізеді. Ол әр кездесуде жастарды ұлттық әдебиетті, ұлттық драматургияны, халық ауыз әдебиетін оқуға шақырады. «Бала жастайынан халық ертегілерін, батырлар жырын, шешендік сөздерді оқыса, оның бойында ұлттық қасиет қалыптаса бастайды. Өйткені біздің салт-дәстүріміз сөзден басталады. Қазақ сөзі тәрбиенің өзегі» дейді ол. Осы сөзінің шынайы дәлелі ретінде драматург көптеген оқушының шығармашылыққа қызығып, әдебиетке бет бұрғанын айтады.
Саяның айтуынша, дәстүрді сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі оны уақыт талабына лайықтай білу. «Қазіргі заманда жастардың қызығушылығы, өмір ырғағы мүлде бөлек. Оларға дәстүрді бұрынғыдай құр рәсіммен емес, мағынамен беру керек. Мұны жастар сезінсе, дәстүр ешқашан жоғалмайды» деп түсіндіреді ол.
Драматург ұлттық құндылықты сақтауда отбасының рөлін де ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, салт-дәстүрді насихаттау мектептен не кітаптан басталмайды, ол үйден басталады. «Отбасындағы жылулық, үлкенге құрмет, дастарқан басындағы әдеп, балаға айтылған жақсы сөз міне, нағыз ұлттық тәрбие осы. Егер жастар мұны отбасында көрмесе, біз қанша сахнаға қойылым қойсақ та, ол жеткіліксіз» дейді. Сол себепті ол спектакльдерінде көбіне отбасы тақырыбын қозғайды: ана мейірімі, әке тәрбиесі, ағайын арасындағы татулық бұл көрерменге ең жақын әрі ең түсінікті құндылықтар.
Сая Қасымбектің айтуынша, ұлттық дәстүрдің ең маңызды қыры оның адамды адам ететін қасиетке бағыттайтыны. «Қазақтың салтында менмендік жоқ, керісінше мейірім, сыйластық, кісілік бар. Жастар осы қасиеттерді бойына сіңірсе, қоғам да, болашақ та жарық болады» дейді ол. Бұл ойды ол жас көрерменмен әр кездесуде айтады. «Біз жастарды тек мықты маман бол деп тәрбиелемеуіміз керек, біз оларды жақсы адам бол деп тәрбиелеуіміз керек. Ал жақсы адам болудың негізі дәстүрде» деп ойын түйіндейді.
Сая Қасымбек ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді сақтауды шығармашылығының басты миссиясына айналдырған азаматша. Ол үшін театр қоғамды тәрбиелейтін рухани мектеп, ал дәстүр сол мектептің ең маңызды оқулығы. Жастардың ұлттық болмысын, мәдени тамырын, рухани тұтастығын сақтау үшін кейіпкеріміз күнделікті еңбегін сарқылмай атқарып келеді. Оның сенімі айқын: салт-дәстүр ұлттың жүрегі. Жүрек соққан жерде өмір де жалғасады.
Аида ӨТЕП


