Салт-дәстүрі сақталған отбасы
Шымкент қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Надежда Капашова үшін салт-дәстүр отбасының берекесін сақтап, ұрпақтың санасына ұлттық құндылықты дарытатын ең басты тіректердің бірі.

Ол өзі тәрбиелеп отырған балаларына тек күнделікті тұрмыстық дағдыларды үйретіп қоймай, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы мен тәрбие мәдениетін сіңіруге ерекше көңіл бөледі. Оның айтуынша, салт-дәстүр ұрпаққа қалатын ең құнды мұра, ал бұл мұраны құр сөзбен емес, күнделікті өмірде үлгі көрсету арқылы ғана сақтауға болады.
Көпбалалы ана болу үлкен жауапкершілік. Әсіресе қазіргі заманда әр баланың өсіп-жетілуіне жағдай жасау, олардың мінезін қалыптастыру, еңбекке баулу, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсету сияқты қасиеттерді дамыту оңай шаруа емес. Надежда осы тәрбиелік үдерістің бәрін қазақтың салт-дәстүрімен байланыстырған тиімді екенін айтады. Мысалы, балалардың бір-біріне деген сыйластығы, отбасындағы татулық, үлкеннің сөзін бөлмеу, «сәлем беру» мәдениеті бұлардың барлығы дәстүрден бастау алатын қарапайым, бірақ аса маңызды құндылықтар.
Надежда Капашова отбасында ұлттық мерекелерді кеңінен атап өтуді жақсы көреді. Әсіресе Наурыз мейрамы оның жүрегіне жақын. Көктемде күн мен түн теңелетін бұл мереке жаңару мен жасампаздықтың символы. Үйінде міндетті түрде наурыз көже әзірленіп, көрші-қолаңға дәм тарату дәстүрге айналған. Надежда үшін бұл тек тағам әзірлеу емес, балаларға «қазақтың дастарқан мәдениеті, үлкенге құрметтің, көпшілікке мейірімнің белгісі» екенін түсіндірудің тамаша мүмкіндігі.
Салт-дәстүрдің ең маңызды тұстарының бірі батаның мәнін ұғыну. Надежда әр мереке сайын үлкен адамдардың батасын алуға тырысады. Оның ойынша, бата рухани тәрбие беретін үлкен құрал. Бата беру арқылы үлкен буын өз тәжірибесін, ақ тілегін, өмірлік философиясын келесі ұрпаққа жеткізеді. Өз ортасында бата берілсе, балалардың да соған құлақ түріп, рухани байланысты сезінетіні анық. Көпбалалы ана осыны ерекше құндылық деп есептейді.
Надежда Капашованың отбасындағы тағы бір дәстүр еңбекке баулу. Қазақ халқы ежелден баланы еңбексүйгіштікке тәрбиелеуді бірінші орынға қойған. Надежда осы қағиданы өмірде қолданудың тиімді екенін айтады. Балалары жас кезінен бастап үй шаруасына көмектеседі, бау-бақша күтуге қатысады, дастарқан жаюды, ас дайындауды, кітап сөресін реттеуді, өз киімін жинауды үйренеді. «Жұмыс істеген бала өзін жауапты сезінеді. Ал жауапкершілік мінезді қалыптастыратын маңызды қасиет», – дейді ол.
Оның сөзінше, салт-дәстүр тек мерекеде немесе арнайы рәсімдерде ғана орындалатын әрекет емес. Ол күнделікті үлкенге орын беру, амандасу, алғыс айту, кешірім сұрау сияқты қарапайым мәдениеттен басталады. Бұл қарапайым қимылдардың өзі балаға терең тәрбие береді. Надежда осыны көрген сайын балаларының бойында рухани мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын сезіп, өзінің еңбегінің нәтижесін байқайды.
Надежданың айтуынша, әсіресе, үлкенге сый-құрмет көрсету мәселесі бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Үйге қонақ келгенде балалардың орнынан тұрып амандасуы, дастарқан басында тәртіп сақтауы, айтылған сөзді тыңдауы, мұның бәрі салт-дәстүрді құрметтеудің көрінісі. Ол кейде балаларымен ұлттық киімдер, дәстүрлі тағамдар, тарихи тұлғалар туралы әңгімелер жүргізеді. Ол үшін бұл әңгімелер балаларды өз елінің мәдениетіне жақындатудың тиімді жолы. «Бала өз мәдениетін білгенде ғана өзгенің мәдениетіне құрметпен қарайды. Салт-дәстүр бізді бірлікке шақыратын көпір»,- дейді ол.
Соңғы жылдары ол балаларымен бірге түрлі мәдени іс-шараларға жиі қатысады. Қазақтың ұлттық ойындары – асық ату, тоқымқағар, аламан бәйге, бәрі оларға ерекше әсер етеді. Бұл ойындар мен дәстүрлер тек көңіл көтеру емес, сонымен қатар баланы ептілікке, батылдыққа, тапқырлыққа баулитынын жақсы түсінеді.
Надежда Капашованың пікірінше, салт-дәстүрді сақтау қоғамдағы мәдени тұтастықты нығайтудың маңызды тетігі. Әсіресе көпұлтты елімізде бір-бірінің салтына сыйластықпен қарау татулық пен тұрақтылықтың басты кепілі. Ол өзінің тәжірибесі арқылы балаларды дәстүрге баулудың қаншалық маңызды екенін дәлелдейді.
Надежда Капашованың отбасы салт-дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіндегі орнын айқын көрсететін үлгілі шаңырақ. Оның ұстанымы – дәстүр арқылы мейірім мен адамгершілікке, еңбекке және сыйластыққа баулу. Осындай отбасылар көп болса, ұлттық құндылықтарымыз жас ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Аида ӨТЕП


