«Тектілік тамыры салт-дәстүрде»

Oinet.kz 27-10-2025 30

Тарихтың әр кезеңінде елдің еңсесін тіктейтін, ұлттың ұлы қасиетін ұрпаққа аманаттап отыратын, ол әлбетте салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз. Бүгінде заман өзгерсе де, салттың мәні мен қадірі жойылған жоқ, керісінше, ұлттың рухани тірегі ретінде жаңаша тыныс алып келеді.

Screenshot_7.jpg

Осы тақырып төңірегінде біз Шымкент қаласындағы «Ерлік» музейінің маманы Айгүл Бердіқұловамен әңгімелескен едік. Көп жыл бойы тарихи жәдігерлермен жұмыс істеп келе жатқан маман салт-дәстүрді ұлттың тарихи жадымен тығыз байланыстыра түсіндіреді.

«Әрбір дәстүр халықтың өткен өмірінен сыр шертетін шежіре. Біз музейде тек соғыстың, ерліктің тарихын ғана емес, халықтың тұрмысын, дүниетанымын, рухани болмысын да насихаттаймыз. Өйткені ерлік тек майдан даласында емес, рухани тектілікте де көрініс табады. Ал тектілік тамыры салт-дәстүрде», – дейді Айгүл Бердіқұлова.

«Ерлік» музейінің қорында қазақ халқының тұрмысына, соғыс жылдарындағы халық бірлігіне және ұлттық рухты бейнелейтін көптеген жәдігер бар. Маманның айтуынша, әр заттың артында салттың ізі жатыр: қолмен тоқылған алаша еңбек пен ұқыптылықтың белгісі, ер-тоқым ер азаматтың мәртебесі, ал домбыра ел рухының символы. «Біз жастарға әр жәдігердің мәнін түсіндіреміз. Мысалы, жауынгердің дорбасындағы кішкентай бойтұмар ол ананың алақаны, елдің амандығын тілеу ниеті. Осындай наным-сенімнің өзі дәстүрдің жалғасы емес пе?» – дейді.

Айгүл Бердіқұлова дәстүрдің ең басты күші оның тәрбиелік мағынасында екенін айтады. Себебі әрбір әдет-ғұрып, рәсім, тіпті қазақтың қарапайым сөзі мен амандасуының өзінде үлкен өнеге жатыр.

«Ассалаумағалейкум» деп иіліп сәлем беру құрмет пен мәдениеттің көрінісі. Қазақ баласын «сәлем беруді» үйретуден бастаған. Бұл халық педагогикасының бастауы. Біз осындай қарапайым дәстүрлерді ұрпаққа ұғындырсақ, қоғамдағы сыйластық пен бауырмалдық та арта түседі», – дейді музей маманы.

Қазақта «Бесіксіз үй тұл, дәстүрсіз ел жалаң» деген сөз бар. Айгүл Бердіқұлова да осы ойды жалғастыра отырып, дәстүрдің үзілмеуі үшін әр ұрпақтың өз үлесін қосуы қажет екенін атап өтті.

«Дәстүр дегеніміз ұлттың жан дүниесі. Егер ол үзілсе, халық та рухани әлсірейді. Ал біз, музей қызметкерлері, тек жәдігер сақтаушылар емеспіз, біз рухани мұраның сақшысымыз. Сол себепті мектептермен, жастар ұйымдарымен тығыз байланыс орнатып, дәстүр мен тарихты ұштастырып жеткізуге тырысамыз», – дейді ол.

Аида ӨТЕП

«Аналар салт-дәстүрін ұмытса, ұлт та ұмыт қалады»
«Өнер – дәстүрдің тілі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу