«Аналар салт-дәстүрін ұмытса, ұлт та ұмыт қалады»
Халқымыздың тарихына көз жүгіртсек, ұлттың ұлылығын айқындап тұрған ең асыл мұрасы оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы екені анық. Тарих толқынында сан ғасырлар өтсе де, қазақтың болмысынан, рухынан ажырамаған осы құндылықтар ұлтты ұлт етіп сақтап келеді.

Бүгінгідей жаһандану дәуірінде ұлттық болмыс пен рухани тамырды сақтау әр отбасының, әр ананың, әр азаматтың қасиетті борышына айналуы тиіс. Осы туралы Шымкент қаласында тұратын көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері Айман Әжібековамен әңгімелескен едік.
Айман Әжібекованың отбасында жеті бала өсіп-жетілуде. Ол әр перзентін тәрбиелеуде қазақы дәстүрге сүйенгенін айтады.
«Мен балаларыма кішкентайынан «үлкенге сәлем бер, асқа бата қыл, дастарханға жақсы ниетпен отыр» деп үйреттім. Қыз балаға ибалық, ұл балаға намыс пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіруге тырыстым. Қазақтың «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөзі айна қатесіз рас. Бала ата-ананың әрекетінен, сөйлеген сөзінен, киген киімінен, тіпті амандасуынан датәлім алады», – дейді кейіпкеріміз.
Рас, қазақтың әрбір ғұрпы өмірдің заңдылығына, табиғаттың тепе-теңдігіне негізделген. Бала туғанда «шілдехана» жасап, елді қуантқан; тұсауы кесілгенде өмір жолы ашылсын деп тілек айтқан; ұзатылған қызға ақ бата беріп, келінге сәлем салғызған – мұның бәрі халықтың рухани тазалығы мен өмірге деген құрметінің көрінісі.
«Қазір жастар арасында дәстүрден алыстап бара жатқан үрдіс бар. Кейбірі «заман өзгерді» деп сылтау айтады. Бірақ менің ойымша, заман өзгерсе де, ұлттың діңгегі саналатын салт өзгермеуі керек. Себебі дәстүр ұлтты біріктіреді, бауырластырады», – дейді Айман Әжібекова.
Оның айтуынша, ұлттық тәрбиені мектеп пен қоғамнан бұрын отбасы үйретуі керек. «Қызым үйде қылықты болса, келін болып елде сыйлы болады» деген ұғымды естен шығармау қажет.
Салт-дәстүр тек өткеннің сарқыншағы емес. Ол ұлттың мәңгілік өмір сүруінің кепілі. Әжелер мен аналар келер ұрпаққа өнеге қалдырып, ізгіліктің дәнін себуі керек. Айман Әжібекова бұл жолда ананың рөлі ерекше екенін атап өтеді. «Біз, аналар дәстүрдің дәнекеріміз. Егер аналар салт-дәстүрін ұмытса, ұлт та ұмыт қалады. Сондықтан мен әр келінге, әр жас анаға: «Қазақтың ырымын, салтын үйрен, балаларыңа жеткіз» деп айта жүремін. Біздің ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз сол», – деп қорытындылады.
Аида ӨТЕП


