Ұлттың өзегі салт-дәстүрде

Oinet.kz 27-10-2025 30

Қай халықтың болсын рухани тірегі оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы. Тарихтың қатпарлы беттерінен ұлттың болмысын, мінезі мен таным-түсінігін танытатын да осы құндылықтар. 

Screenshot_5.jpg

Қазақ халқының дәстүрі ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие мектебі, адамгершіліктің айнасы болып келеді. Бүгінгі ұрпақ сол асыл қазынаны бойына сіңіріп өссе, ел ертеңінің еңсесі биік болары сөзсіз. Осы тұрғыда ұрпақ тәрбиесімен тікелей айналысып жүрген ұстаздардың еңбегі ерекше. Солардың бірі Шымкент қаласындағы №144 «Келешек» мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ардақ Әшір Әбсеметқызы. Ол өз шәкірттерін оқытумен қатар, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге де айрықша мән береді.

«Салт-дәстүрді сақтау дегеніміз ұлттың іргесін бекіту, рухын ояту. Біз оқушы балаларға бастауышында тек білім беріп қана қоймай, олардың бойына ұлттық тәрбиенің дәнін де себуіміз керек. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген даналық осының айғағы», – дейді ұстаз.

Ардақ Әбсеметқызының айтуынша, бастауыш сыныптан бастап балаларды ата дәстүріне баулу тұлға қалыптастырудың ең тиімді жолдарының бірі. Ол сабақтарында қазақтың киелі ұғымдарын – амандасу, үлкенге ізет, дастархан әдебі, жеті қазына мен жеті ата жөніндегі түсініктерді ойын және көрініс арқылы жеткізуді әдетке айналдырған.

«Бала көбінде естігенін емес көргенін істейді. Егер мектеп пен ата-ана бірігіп ұлттық тәрбиені жүйелі түрде берсе, ұлттың тамыры тереңдей түседі. Әр салт адамға рухани иммунитет береді. Ол баланы ізеттілікке, жауапкершілікке, өмірдің мәнін түсінуге үйретеді», – дейді ол.

Шынында да, салт-дәстүр ұлттың айнасы ғана емес, ұрпақтың өмірлік қасиетіне айналады. Қазақтың «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деуі, «Туған жерге туыңды тік» дегені бекер емес. Осындай өнегелі ұстанымдарды ұрпаққа үйрету мектеп пен ұстаздың, ең бастысы қоғамның ортақ міндеті. Ұлттық тәрбиенің өзегі саналатын дәстүрді дәріптеу арқылы бала бойында адамдық қасиет қалыптасады. Мейірім мен ізет, ұят пен намыс, обал мен сауап секілді ұғымдар санаға сіңеді.

Бастауыш сынып мұғалімі өз сөзін: «Баланың бойындағы бар мінезі, қасиеті бастауышында қаланады. Сондықтан сол бала кезінен үйреткен әр әріпің, әр есебің жатталып қалатынындай салт-дәстүірмізді де осы жастан үйретуіміз керек. Қазақтығымызды, ұлттығымызды сақтап қалу үшін елдің ертеңіне айналар балаларға дәстүрді дәріптей берейік», - деп қорытындылады.

Аида ӨТЕП

«Жаңа Қазақстанның жасампаз жастарын тәрбиелеу үшін салт-дәстүрімізді үйретуіміз керек»
«Аналар салт-дәстүрін ұмытса, ұлт та ұмыт қалады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу