«Өнер – дәстүрдің тілі»
Әр ұлтты ерекшелеп тұратын өзіне тән мәдениеті, көркем әдебиеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы болады. Бізде де ғасырлар бойы ата-бабамыздан ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп қалдырған асыл мұрасы сол салт-дәстүр мен әдет-ғұрып.

Салтын ұмытпайтын ұрпақ тәрбиелеу үшін әр сала мамандары бағзыдан бүгінге дейін жеткен дәстүрімізді насихаттап келеді. Соның ішінде көркем тілмен, сахналық бейнемен жеткізетін театр өнерін де айрықша атап өтуге болады.
Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актрисасы Алтынай Алиевамен дәстүр мен сахнаның тығыз байланысы туралы әңгімелескен едік.
«Қазақтың салт-дәстүрі бұл тұтас өнер. Әрбір рәсімнің, әрбір ғұрыптың өзіндік мән-маңызы бар. Біз сахнада сол өмірдің көрінісін өнер арқылы қайта жаңғыртамыз. Кейіпкердің тағдыры, ананың батасы, келіннің иілісі бәрі де салт-дәстүрдің көрінісі», - дейді актриса.
Рас, өнер мен дәстүр егіз ұғым. Алтынай Алиеваның айтуынша, театр сахнасындағы әрбір ұлттық қойылым халық жанының айнасына айналған. Ұлттық болмысты айшықтап тұратын туындыларда қазақы болмыс, әдет-ғұрып пен салттың иісі аңқып тұрады.
«Біз көрерменге тек оқиғаны емес, ұлттың рухын жеткіземіз. Мысалы, сахнада қыз ұзату көрінісі қойылғанда, әр қимыл, әр сөз, әр киім бәрі өз мәнімен берілуі керек. Бұл көрерменге дәстүрдің шынайы сұлулығын сезіндіреді. Кейде спектакльден кейін жастар келіп, «бұрын бұл салттың осылай жасалатынын білмеппіз» деп таңырқайды. Сонда мен: «Өнер – дәстүрдің тілі» деп жауап беремін», – дейді актриса.
Алтынай Алиева ұлттық дәстүрді тек сахнада ғана емес, өз өмірінде де берік ұстанатынын айтады. «Мен үшін дәстүр өмір сүру әдебі. Үлкенге сәлем беру, нанды аяқасты етпеу, ер адамның жолын кеспеу бәрі де ұлттың мәдени деңгейін көрсетеді. Мен ұл-қыздарымды да солай тәрбиелеймін: «Бойыңда білім мен сұлулық қана емес, ұят пен инабат болсын» деймін. Себебі оның бәрі адамның ішкі тәрбиесінің өлшемі. Балаларымды өзіміздің салт-дәстүріміз бойынша өсіріп, әр қуанышымызды сол бойынша атап өтіп келеміз», – дейді өнер иесі.
Алтынай Алиева сынды өнер иелері осы құндылықты сақтап, оны өнермен өрнектей білетін жандардың қатарында. Олар үшін дәстүр өткеннен қалған әдет қана емес, бүгіннің тынысы, ертеңнің үміті.
Кейіпкеріміз өз сөзін: «Біз дәстүрді сөзбен емес, жүрекпен жеткізуге тиіспіз. Себебі салт – ұлттың киесі, оны сезінген адам ғана өз ұлтының қадірін біледі», – деп қорытындылады.
Аида ӨТЕП


