Шымкентте инфрақұрылым мен тариф саясаты талқыланды
Шымкент қаласында Энергетика, Қаржы, Сауда және интеграция, сондай-ақ Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері шаһар кәсіпкерлерімен кездесті.

Кездесудің негізгі мақсаты – еліміздің экономикалық саясаты мен инфрақұрылым саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, жаңа Салық кодексі мен тарифтік саясаттың ерекшеліктерін түсіндіру болды.
Іс-шараға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Кеңес Қаратау ауданы әкімдігінде өтті. Оған Энергетика вице-министрі Қуанышбек Тұтқышбаев, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жандос Нұржанов, Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ербол Жаутікбаев және Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы департаменті басқармасының басшысы Сейітжан Нұртаза қатысты.
Жиында ерекше назар қаланың коммуналдық инфрақұрылымы мен тариф саясатына аударылды. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқар Кеңес тұрғындар мен кәсіпкерлерді толғандыратын тариф мәселесіне тоқталды.
– Тарифтердің қалыптасуы табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімдеріне, инфрақұрылымның техникалық жағдайына және аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалына тікелей байланысты. Баға тек Үкімет бекіткен инфляциялық дәліз шегінде ғана көтерілуі мүмкін. Барлық өтінім мен түзету «Монополист» электронды базасында тіркеледі. Кез келген азамат немесе кәсіпкер сол жүйе арқылы қажетті құжаттар мен хат алмасуды көре алады, – деді ол.
Оның айтуынша, су, газ және электр жүйелерін жаңғырту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Инфрақұрылым тозуының алдын алу және энергия тиімділігін арттыру үшін бірқатар жобалар қолға алынған. Алайда, бұл бағыттағы инвестиция көлемі тарифтерге тікелей әсер ететінін де жасырмады.
Кездесу барысында кәсіпкерлер де өз салаларындағы өзекті түйткілдерді ортаға салды. Әсіресе құрылыс компанияларының өкілдері тарифтердің көтерілуі мен ескірген сметалық нормалардың бизнеске салмақ түсіріп отырғанын айтты.
– Газ, су және электр желілерін қосу кезінде қосымша шығындар көп. Бірақ бұл шығындар жобалық-сметалық құжаттамаларда толық ескерілмейді. Соның салдарынан құрылыс құны артып, кәсіпкерлердің мойнына артық жүктеме түседі, – деді жергілікті құрылыс компаниясының директоры.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер салықтық және қаржылық рәсімдердегі қайшылықтарды да атап өтті. Олардың айтуынша, Қаржы министрлігі бекіткен талаптар мен Қазынашылықтың ішкі ережелері бір-біріне сәйкес келмейді. Бұл, әсіресе инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратын компаниялар үшін қиындық тудырып отыр.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Еділ Әзімшайық Мемлекет басшысы 2025 жылғы 18 шілдеде қол қойған жаңа Салық кодексінің басты бағыттарын түсіндірді. Оның айтуынша, жаңа кодекс экономиканы ынталандыруға және салық жүйесін жеңілдетуге бағытталған.
– Салықтық есептілікті 30 пайызға қысқарту, салық түрлерін 20 пайызға азайту және жеңілдіктерді оңтайландыру көзделген. Шағын бизнес үшін жеңілдетілген режимдер сақталады. Ал ірі кәсіпорындар жаңа тәртіп бойынша жұмыс істейді, – деді ол.
Жиын соңында кәсіпкерлер көтерген мәселелер министрлік өкілдері тарапынан назарға алынып, тиісті ведомстволар деңгейінде қаралатыны айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар салықтық, тарифтік және инфрақұрылымдық саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.


