Шымкенттің жігері, елдің барысы – Марат Байқамұров!

Oinet.kz 23-10-2025 49

Астана төрінде өткен ХV республикалық «Қазақстан барысы – 2025» турнирі биыл ерекше әсер қалдырды. Себебі бұл жолы елорданың мәртебелі боз кілемінде Шымкенттің намысын қорғаған балуан Марат Байқамұров қарсыластарын қапы қалдырып, алтын белбеуді иеленді. 

Screenshot_41.jpg

Осылайша ол тек жеке жеңіске емес, тұтас шымкенттік спорт мектебіне зор абырой әкелді.

Дәстүрлі турнир биыл да ауқымды деңгейде ұйымдастырылды. Еліміздің әр өңірінен іріктелген ең мықты балуандар «Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында» бас қосты. Әр белдесу – нағыз жігіттік қайрат пен төзімділіктің сын сәті. Ал Марат Байқамұров үшін бұл жарыс ерекше тарихи белеске айналды.

Финалдық белдесуде Марат Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаевпен жолықты. Бұл кездесу көрермен күткен шешуші сәттің бірі болды. «Найман» лақап атымен танымал Марат қарсыласына еш мүмкіндік бермей, техникалық және тактикалық шеберлігінің жоғары екенін дәлелдеді. Қарсыластарды бірінен соң бірін айқын басымдықпен жеңіп, алтын белбеуге қол жеткізді.

Айта кету керек, бұл жеңістің мәні ерекше. Өйткені «Қазақстан барысы» тарихында алғаш рет Шымкент қаласының өкілі чемпион атанып отыр. Былтыр дәл осы турнирдің финалында Абайлық Ерасыл Қажыбаев шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровты ұтып кеткен еді. Ал биыл Марат Байқамұров сол кеткен есені қайтарып, шымкенттіктердің мерейін үстем етті.

Балуанның табандылығы мен қажырлы еңбегі көптің көңілінен шықты. Ол – «Қазақстан барысы» турниріне үшінші рет қатысып отыр, ал бұл жолғы нәтижесі – ең сәттісі. Мараттың айтуынша, мұндай жеңіс бір күннің емес, жылдар бойғы еңбек пен жаттығудың жемісі.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында бұл жеңістің қала спорты үшін тарихи оқиға екенін атап өтті:

– Марат Байқамұровтың жеңісі – Шымкент жастарының жігерін жанитын үлкен рухани қуат. Ол тек өз намысын емес, қала абыройын қорғап, жаңа белесті бағындырды. Бұл – біздің спортшылардың әлеуеті мен бапкерлер еңбегінің нәтижесі, – деді ол.

«Қазақстан барысы – 2025» турниріндегі бұл жеңіс  Шымкент спортының жаңа тарихының бастауы. Марат Байқамұровтың есімі енді еліміздің ең мықты балуандарының қатарында жарқырап тұр. Оның табысы қажыр мен табандылықтың, намыс пен еңбектің айғағы.

Шымкентте эпидемиологиялық жағдайға байланысты кешенді шаралар жүргізілуде
Қоғамның қамқор жандары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу