Қазақстанның бітімгершілік рөлі: Ереван мен Бакудің жақындасуына қосқан үлесі
2025 жылғы 21 қазанда Тбилисиде өткен V «Жібек жолы» форумында Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Армения мен Әзербайжан арасындағы маңызды уағдаластықтар туралы мәлімдеме жасады.

Ол Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің өз елінің аумағы арқылы Армения бағытындағы транзитке қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешімін жоғары бағалады.
«Бұл — аса маңызды мәлімдеме. Мен Әзербайжан Президентіне осы қадамы үшін ризашылығымды білдіремін», — деді Пашинян.
Сонымен қатар, Армения Үкіметінің басшысы бұл келісімге қол жеткізуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Премьер-министрінің атқарған маңызды делдалдық рөліне ерекше тоқталып өтті.
«Мен Қазақстан Президентіне және Грузия Премьер-министріне осы келісімді жасауға қосқан үлесі үшін алғысымды білдіремін», — деп атап өтті ол.
Қазақстан бұл ретте өңірлік тұрақтылық пен сенімді диалог орнатудағы беделді бітімгершілік рөлін тағы да дәлелдеді. Елдің сыртқы саясаттағы теңгерімді ұстанымы мен конструктивті бастамалары Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етіп келеді.
Мұндай шешімдер Оңтүстік Кавказды Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды стратегиялық көпірге айналдыруға мүмкіндік береді. Транзиттік бағыттардың ашылуы Армения үшін сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейтуге, ал Әзербайжан үшін аймақтық логистикалық орталық ретіндегі рөлін нығайтуға жағдай жасайды.
Тбилисидегі бұл форум тек экономикалық серіктестікті талқылау алаңы емес, сонымен қатар аймақ елдерінің бейбітшілікке ұмтылысының нақты көрінісі болды. Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынастардың қалыпқа келе бастауы – соңғы жылдары шиеленіс пен қарама-қайшылықты бастан өткерген өңір үшін үлкен тарихи бетбұрыс.

 
 
 
