Шымкент жастары Ш.Уәлихановтың рухани мұрасын насихаттады
М.Әуезов атындағы ОҚУ-да Ақпараттық білім беру орталығының ұйымдастыруымен қазақ халқының ұлы ғалымы, этнограф, саяхатшы, тарихшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 190 жылдығына арналған «Шоқан – Шығыстың сәулесі» атты танымдық семинар өтті. Сөз

кезегінде АББО-ның директоры И.Қ. Саурбаева Шоқан Уәлихановтың артында қалған мол ғылыми әрі рухани мұрасы – ұлт руханиятының алтын қазынасы екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол жастарды Шоқан салған жолмен – ғылым мен білімге ұмтылуға, елдің болашағы үшін терең білім мен парасатқа негізделген ізденістерге шақырды. «Ұлт тұлғаларының мұрасын ұлықтау – өткенді бағалап, болашақты нұрлы етуге бастар жол. Өйткені әрбір ұлы тұлғаның өмірі мен еңбегі – ұлт руханиятының алтын қазынасы. Сондықтан жас ұрпаққа олардың өнегелі жолын насихаттап, мұрасын ұмытпау – әрқайсымыздың перзенттік парызымыз. Ұлттық сана мен тарихи жадының жалғастығы осы ұлы есімдерді ардақтаудан басталады» деп сөзін түйіндеді И.Қ. Саурбаева.
Семинар барысында Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми мұрасы кеңінен талқыланды. Ғалымның қазақ ғылымына, мәдениетіне және тарихына қосқан өлшеусіз үлесі тағы бір мәрте сараланды. Семинар барысында «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты С.Ө.Карибаев Шоқан Уәлихановтың ғылымға қосқан үлесі, саяхаттары мен зерттеулері жайлы тың мәліметтермен бөліссе, аталған кафедраның аға оқытушысы Қабыл Алғабек өз баяндамасында Шоқанның өмір жолы мен қызметіне шолу жасап, тарихи мұрасының маңыздылығын тағы да еске салды.
Кеш тізгінін ұстаған АББО-ның қызметкері А.Д.Арыстанова «Шоқанға арнау» өлеңін оқыса, қатысушы АП-22-6к3, ИП-24-3тк, СМ-25-5к2, СМ-23-5к11 топтарының студенттері белсенділік танытып, өз өнерлерін ортаға салып, әннен шашу шашты. Сонымен қатар, Ақпараттық білім беру орталығы Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен құралған арнайы кітап көрмесін ұсынды. Бұл танымдық семинар – өткеннің өнегесі арқылы болашаққа бағдар беретін игі бастама болды.
«Шоқан – Шығыстың сәулесі» Бұл тіркес – ұлы ғалым, ағартушы, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың тұлғасына берілген асқан баға. Оның ғылымдағы, тарих пен этнографиядағы, шығыс мәдениетін зерттеудегі еңбегі – қазақ халқының ғана емес, бүкіл Шығыс әлемінің рухани байлығына айналды.
Шоқан – Шығыстың жарық жұлдызы, ол өз заманының озық ойлы азаматы ретінде ғылым мен мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосты. Жасындай жарқ еткен қысқа ғұмырында ол артына өшпес мұра қалдырды. «Шоқан – Шығыстың сәулесі» дегеніміз – оның ізгі ниеті, жарқын болмысы мен елін сүйген жүрегінің көрінісі.
Шымкентте этнопедагогика ғылымының іргелі зерттеушісі Асма Қалыбекова 80 жасқа толды
М.Әуезов атындағы ОҚУ-де ұстаз-ғалым, ҚР ГҒА академигі, ҚР ПҒА, Халықаралық психология ғылымдары академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қалыбекова Асма Ахметқызының 80 жылдық мерейтойы аясында «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек, Санкт-Петербург, Түркия, Өзбекстаннан және Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары, қоғам қайраткерлері оқу ордасының профессор-оқытушылары мен студенттер қатысты. Қоғам қайраткерлері Бекет Тұрғараев, Кенжехан Төлебаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызы қонақта болды.
Салтанатты кеште университеттің БасқармаТөрағасы-ректордың м.у.а. Ернар Имангалиұлы ғалым-ұстазды мерейтойымен құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек: «Бұл конференция – еліміздің рухани-мәдени өмірінде, білім мен ғылым саласында өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, этнопедагогика ғылымының іргелі зерттеушісі Асма Ахметқызының ғылыми мұрасын дәріптеуге, оның ұлттық тәрбие мен білім беру ісіне қосқан зор үлесін терең тануға бағытталған аса маңызды шара. Бүгінгі басқосу – ұлттық құндылықтарды сақтап, ұрпақ тәрбиесінде этномәдени білім беру кеңістігін дамыту жолдарын айқындау мақсатында тәжірибе алмасатын тиімді алаң. Бұл бағытта ғылыми негізделген идеялар мен ұсыныстар – білім беру жүйесінің мазмұнын жаңғыртуда, жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруде ерекше маңызға ие болатыны сөзсіз.
Академик Асма Қалыбекованың өнегелі өмір жолы мен ғылыми еңбектері жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге, этномәдени дәстүрлерді заманауи білім беру үдерісіне кіріктіруге зор үлес қосып келеді. Оның педагогикалық идеялары тек елімізде ғана емес, халықаралық ғылыми қауымдастықта да жоғары бағаланып отыр», - деген тілегін жолдап, Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтың құттықтау хатын табыстады.
Атап өтейік, Асма Ахметқызы қазақ халқының педагогикалық мәдениетін, ұлттық тәрбие жүйесін, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерді зерделеп, оларды ғылыми тұрғыдан негіздеп, қазіргі білім беру процесінде қолданудың жолдарын ұсынып келеді. Ғалымның еңбектері ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, ұрпақ тәрбиесіне рухани бағыт-бағдар беруге зор үлес қосып келеді.

 
 
 
