Ұлы Абай – би әрі дала заңгері
Абай Құнанбайұлы – қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы, ағартушысы әрі рухани тәрбиешісі. Оның шығармалары – ұлттың рухани өсуіне, мәдени және құқықтық санасының қалыптасуына зор әсер еткен құнды мұра.
Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай, оның сан қырлы мұрасын жаңа қырынан зерделеу – қоғам үшін маңызды. Абайдың билік пен әділетке қатысты көзқарастарын талдау- бүгінгі күн үшін өзекті.
Қазақтың кемеңгер ойшылы, халықтың рухани ұстазы Абай Құнанбайұлы - әділет пен адамгершілікті өмірлік қағидасына айналдырып, елге әділ би, парасатты тұлға ретінде танылған дара есім. Ол тек өлеңдері мен қара сөздері арқылы ғана емес, ел ішіндегі дауларды шешудегі көрегендігімен де ерекшеленіп, дала заңгері ретінде тарихта өзіндік орнын алды.
Абай ел ішіндегі әділдік мәселесіне келгенде салт-дәстүр мен заңды ғана емес, ақыл, парасат, ынсап пен ұятты басшылыққа алды. Оның шығармаларында құқықтық мәдениет пен моральдық қағидаттар үндестік тапты.
Абай өз заманының ғана емес, адамзаттық құндылықтардың биігінен ой толғап, әділет пен адамгершіліктің мәңгі өлшемін ұсынған тұлға. Ол – терең ой мен биік парасатты ұштастыра білген, ел тағдырына бейжай қарамаған, әділетті қоғамның іргетасы – адалдық пен ар-ождан деп білген кемел тұлға.
Бүгінде Абайдың әділет жөніндегі ойлары – құқық саласындағы мамандарға да, жалпы қоғамға да құнды мұра. Ұлы ойшыл – нағыз би әрі дала заңгері ретінде ұлттық құқықтық санамызда терең із қалдырды.
А.Накипова,
Түркістан облысы Әділет департаментінің коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу
қызметі саласындағы бақылау бөлімінің іс- қағаздарын жүргізу жөніндегі инспекторы