Шымкентте су арналары жаңаруда
Шымкент жыл сайын дамып, көркейіп келе жатқан шаһар. Қала билігі мен мамандардың бірлескен еңбегі арқасында су арналары мен өзен арналарын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қаланың экологиялық тепе-теңдігі қамтамасыз етілуде.
Бұл жобалар тек қаланы көркейтіп қана қоймай, тұрғындарға сенімді, жайлы өмір сыйлайды.
Нұртас шағын ауданындағы «Кәусар» каналы да осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі. Су тасқынының алдын алу мақсатында Н.Назарбаев даңғылы мен Қ.Патеев көшесінен басталып, шатқал арқылы Бәйдібек би даңғылы мен Дендросаябаққа дейінгі бағытта жаңа канал салынды. Аталған жобаның екінші кезеңі толығымен аяқталып, канал заманауи стандарттарға сай күрделі жөндеуден өтті. Бұл тұрғындар үшін қауіпсіздіктің нақты кепілі болып отыр.
Қаладағы құрылыс мамандарының айтуынша, каналдың бірінші кезеңі де жоспарлы түрде жүргізілуде. Жер қазу жұмыстары толық аяқталып, ұзындығы 340 метр болатын ирригациялық лотоктар орнатылуда. Мамандардың мәліметі бойынша, нысанды толық пайдалануға беру желтоқсан айына жоспарланған. Осы арқылы су тасқыны қаупі айтарлықтай төмендейді, ал аудан тұрғындары үшін жайлы әрі сенімді орта қалыптасады.
Сонымен қатар, Шымкенттің табиғи байлығының бірі Бадам өзені бойындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда. 2024 жылы алты елді мекенде, атап айтсақ Жыланбұзған, Тоғыс, Маятас, Қызылжар, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл өзен арнасын түзету және жағалауды нығайту жұмыстары сәтті аяқталып, пайдалануға берілді. Жобаның жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрады, ал жауапты мердігер «TOLAGAI-2050» ЖШС. Нысанның құны – 5,2 млрд теңгені құрайды. Бұл жобалар өзенді реттеп қана қоймай, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, жағалаудағы тұрғындар үшін қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Биыл бұл бастама жалғасын тауып, Шымкент қаласы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, «HYDROLIFE-2050» ЖШС арқылы өзеннің жаңа кезеңдерін жаңартуда. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Жалпы ұзындығы 5,3 шақырым болатын бұл жоба төрт кезеңнен тұрады және толық аяқталуы желтоқсан айына жоспарланған. Бұл өзеннің жаңаруы қаладағы экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, туристер мен қала тұрғындары үшін де тартымды көрініс сыйлайтын болады.
Қаладағы су арналарының жаңғыруы тек қауіпсіздік кепілі емес, сонымен қатар Шымкенттің келбетін көркемдейтін маңызды қадам. Жобалар тұрғындарға жайлы өмір, табиғатқа қауіпсіздік, ал қалаға сән мен тәртіп сыйлайды. Бұл жұмыстардың арқасында Шымкент тұрғындары өз үйлерінде тыныш, сенімді өмір сүріп, табиғатпен үндесіп дамып келе жатқан шаһардың бөлігі екенін сезіне алады.