Шымкентте Иран Ислам Республикасының ІІІ сауда-өнеркәсіп көрмесі өтуде

Oinet.kz 13-10-2025 92

Экономикалық серіктестік пен мәдени байланыстардың дәнекері болған Шымкент қаласы бүгінде халықаралық ынтымақтастықтың жаңа белесін бағындыруда. 

Screenshot_1.jpg

12–15 қазан аралығында қаладағы «Көрме» орталығында Иран Ислам Республикасының ІІІ сауда-өнеркәсіп көрмесі өтіп жатыр. Бұл көрме  Қазақстан мен Иран арасындағы іскерлік қатынастарды нығайтып, өзара тәжірибе алмасудың нақты алаңына айналған маңызды шара.

Көрменің ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов пен Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукар, сондай-ақ екі елдің іскерлік қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Бұл кездесулер мен диалогтар екіжақты қарым-қатынастың дамуына тың серпін беріп отыр.

Биыл Шымкентте дәстүрлі түрде үшінші рет ұйымдастырылған бұл көрме жыл өткен сайын ауқымын кеңейтіп келеді. Иран елінен 20-дан астам жетекші кәсіпорын қатысып, өз өнімдері мен жобаларын ұсынуда. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, инженерлік-техникалық және инвестициялық бағытта жұмыс істейтін компаниялар жаңа тауарлар мен технологияларын таныстырды.

Көрме барысында ауыл шаруашылығы өнімдері, ұлттық тағамдар, қолөнер бұйымдары мен экологиялық таза азық-түліктер қойылды. Бұл тек сауда алаңы ғана емес, мәдени алмасудың да тамаша көрінісіне айналды. Көрме қонақтары ирандық дәстүрлі тәттілердің дәмін татып, шығыс елінің қолөнер туындыларымен танысты.

Көрме аясында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов пен Иран елшісі Әли Акбар Джоукар ресми кездесу өткізді. Тараптар екіжақты әріптестікті кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және мәдени-гуманитарлық бағыттар бойынша ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады.

Көрмені ұйымдастыруға Иранның Сауда палатасы мен «Нуре Тус» экспортты басқару орталығы, сондай-ақ Иран мен Қазақстанның іскерлік қауымдастықтары атсалысуда. Қазақстан тарапынан мемлекеттік органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысып, жаңа әріптестік байланыстар орнатуда.

Бұл көрме  екі ел арасындағы сенім мен достықтың нақты көрінісі. Мұнда экономикамен қатар мәдениет, дәстүр мен рухани байланыс та қатар өрбіп отыр. Сауда сөрелеріндегі өнімдер мен қолөнер бұйымдары  халықтар арасындағы өзара түсіністік пен құрметтің белгісі. 15 қазанға дейін жалғасатын көрме Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, Шымкенттің халықаралық сауда орталығы ретіндегі беделін арттыра түспек.

Более 449 млрд тенге получили многодетные семьи и награжденные матери в виде пособий с начала 2025 г
Қошқар ата өзенін абаттандыру қарқыны күшейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу