Ұлттың мәдениеті мен өркениетінің өркендеуіне үлес қосқан тұлға

Oinet.kz 06-10-2025 52

Шымкент қаласындағы тарихы 90 жылға жуықтаған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне 2023 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 3 қазандағы №512 бұйрығымен рух сардары, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің атауы берілген болатын. 

Screenshot_29.jpg

Аз уақыт ішінде университетте нар тұлғаның қайраткерлігін дәріптеуде көптеген жұмыстар атқарылуда. Қайраткерлік рухтың тәлім-тәрбиеге қосар үлесі ескерілгені болар, оқу орны ішінен «Өзбекәлі Жәнібеков орталығы» ашылса, университет қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. 

Өзбекәлі Жәнібеков саналы ғұмырын қазақ халқының өсіп-дамуына, жаңаруына, мәдениеті мен өркениетінің өркендеуіне арнаған тарихи тұлға. Тарих пен ана тілімізге қосқан үлесі бір төбе. Қазақтың Наурыз мейрамымен қауышуына, тайқазанның Түркістанға қайтарылуына, ел аумағында этнографиялық музейлердің ашылуына ерекше үлес қосты. Осындай тұлғаның ғибратты ғұмыры, ел мүддесі жолындағы еңбегі қашан да жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз. 

Тарихи мұрамызды зерделеп, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіруде осындай жиындардың маңызы зор. Тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжан Сүгірбаеваның айтуынша, университет тарихы өз бастауын 1937 жылдан бастайды. «Бүгінгі күні Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті 1937 жылдың 19 наурызында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен Шымкентте Мұғалімдер институты болып ашылған. 1954 жылы КСРО Министрлер кеңесінің өкімімен педагогикалық институт болып қайта құрылды. 1987 жылы институттың 50 жылдық мерейтойына орай оқу орнына М.Әуезов есімі берілді. 1993 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Түркістан қаласында жаңадан ашылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті профессор-оқытушыларының ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институты сол оқу орнының құрамына қосылды. 1995 жылдың 9 наурызында институт өз атынан айырылып, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент бөліміне ауысты. 2003 жылдың 7 наурызында ХҚТУ-дың Шымкент филиалы, 4 қыркүйекте ХҚТУ-дың Шымкент институты болды. 2011 жылғы 28 маусымдағы №722 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта ашылды. 2017 жылдың 17 қарашасында ҚР Үкіметінің №753 Қаулысымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына университет мәртебесі берілді. 2018 жылдың 16 қазанында Үкіметтің №649 Қаулысымен «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғам болды. 2019 жылдың 12 сәуір күні Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының Әділет басқармасында заңды түрде мемлекеттік тіркеуден өтті. Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023 жылғы 3 қазандағы №512 бұйрығымен университетке рух сардары, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің атауы берілді», – дейді Гүлжан Сүгірбаева. 

Халқымыздың бекзат перзенті Ө. Жәнібеков ұлтымыздың ұлы мұраларын сақтап қалуға үлес қосқан қазақтың біртуар азаматы. Ол – тәжірибелі педагог, шығармашыл жан, елі құрметтеген қайраткер. Төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеп, асыл мұратына айналдырып, бабадан мирас болған бай мәдениетіміздің мәртебесін асқақтатқан тұлға!

Ол 1970 жылдарынан бастап еліміздегі сандаған үлкенді-кішілі музейлерді ұйымдастыру, тарихи маңызы бар мұрағаттарды жинақтау, сақтау және насихаттау секілді ұлт мәдениетіне тікелей қатысты жұмыстардың бастамашысы болған. 

Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұлт жанашыры атанған ғалым-этнографтың жәдігерлерін сақтап жүр. 60-тан аса жәдігер, олардың қатарында Өзбекәлі Жәнібековтің балалық шағы мен қызметтік жылдарындағы фотосуреттерін, өзінің тұтынған заттары – фотоапараты, қол сөмкесі, қаламы, шапаны, бас киімін, қаламынан туған «Отырар», «Қазақ киімі», «Жолайрықта», «Тағдыр тағылымы», «Эхо» сынды кітаптары мен мақалаларын, қызмет атқарып жүргенде берілген естелік заттарын, жұмыс бөлмесінде пайдаланған мәрмәрдан жасалған қаламсабын жиналған қауым қызығушылықпен тамашалайды екен. 

Өзағаның ұлт алдындағы басты еңбегі сол, халқымыздың дарынды жастарына да қамқоршы бола бiлуi талай жастарға жөн сілтеп, қолдау көрсетті. Әсіресе, өнер адамдарына қол ұшын созып, демеу болды. Оның бастамасымен елiмiздiң көп жерiнде, Отырар, Әзiрет Сұлтан, Тараз, Үстiрт секiлдi елді мекендерде этнографиялық музейлер ашылып, «Адырна», «Алтынай», «Сазген», «Сырнай», «Шертер», басқа да фольклорлық өнер ансамбльдерi, Арқалық қазақ сазды драма театры дүниеге келген. Қазақстанның мәдени ескерткiштерiн сақтау мен қалпына келтiру мақсатын көздеген «Арқас» және шет елдерде тұратын отандастарымызбен мәдени байланыс жасайтын «Отан» («Қазақстан») қоғамдары құрылды. 

«Қазақ руханиятының шынайы жанашыры һәм жоқшысына айналған Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қызметі туралы талай-талай естеліктер айтылды, айтыла береді. Университет қабырғасында алдығы жылы «Рух сардары» атты ақындар айтысын өткіздік. Бүгінде де түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Біздің мақсатымыз Жәнібековтың халыққа еткен еңбегін насихаттау, дәріптеу. Ел ағасы, ұлт жанашырының азаматтық болмысын, тілге, мәдениетімізге жасаған жанашырлығын өскелең ұрпақтың есінде сақтауда әлі де игі істерді жалғастыра беруге тиіспіз» дейді Гүлжан Сүгірбаева.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген халық нақылы бекер айтылмаса керек. Елі үшін еңбек етіп, ғибратты ғұмыр кешкен Өзбекәлі Жәнібеков шынында да қазақ елі аман-сау тұрғанда арымайтын, уақыт жылжып, ғасыр өткен сайын елінің дара азаматы болып қала беретін ұлтымыздың ұйытқысы екені хақ.

Жас жауынгерлер қарттарға құрмет көрсетті
Басқармалар экологиялық сенбілікке қатысып, қала тұрғындарының патриоттық сезімін оятты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу