Қазақстандағы кәсіподақтар: Өткен тарихтан бүгінге дейінгі жол
Қазақстанның кәсіподақ қозғалысына 120 жыл және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясына 35 жыл бұл - еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған, маңызы зор қоғамдық қозғалыстың биік белесі.
Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының тарихы 1905 жылдан басталады. Бұл - жұмысшылардың әділетті еңбек жағдайлары мен лайықты жалақы үшін алғаш рет бірігіп, ортақ мақсат жолындағы қозғалысы болатын. Сол тарихи қозғалыс бүгінде заманауи кәсіподақтардың негізін қалап, олардың басты миссиясына айналды.
Қазіргі таңда Кәсіподақтар Федерациясы 23 салалық кәсіподақты, 20 аумақтық кәсіподақтар бірлестігін біріктіретін, 2 миллионнан астам мүшесі бар еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымдардың бірі. Бұл ұйым Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының басты республикалық құрылымы ретінде еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауда маңызды рөл атқарып келеді.
35 жыл ішінде Кәсіподақтар федерациясы:
- Әлеуметтік әріптестікті нығайту,
- Еңбек дауларын шешу,
- Ұжымдық шарттар жасау,
- Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету,
- Құқықтық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыстар атқарды.
Кәсіподақтар бүгінде жай ғана ұйым емес, еңбек адамының сенімді тірегі. Олар жұмысшылардың мүддесін қорғай отырып, мемлекеттің әлеуметтік-еңбек саясатында да ықпал етуші күшке айналды. Сонымен қатар, қоғамдағы тұрақтылықты, әділеттілікті, әлеуметтік серіктестікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып отыр.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы халықаралық деңгейде де үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бұл - еліміздегі кәсіподақ қозғалысының жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді.
Атап айтсақ, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жаһандық кәсіподақ қоғамдастығына қайта қосылып, Халықаралық Кәсіподақтар Конфедерациясының (ITUC) және оның Бас кеңесінің толыққанды мүшесі ретінде тіркелді. Бұл шешім Қазақстан кәсіподақтарының халықаралық еңбек стандарттарын сақтауға және дамытуға бейілді екенін көрсетті.
Сонымен қатар, 2021 жылдың қараша айында Орталық Азия елдері кәсіподақтарының кеңесі құрылып, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин осы ұйымның Бас хатшысы болып сайланды. Бұл кеңес өңірлік кәсіподақ ынтымақтастығын нығайтып, әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді.
Сол сияқты, 2023 жылдың желтоқсан айында Брюссель қаласында өткен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық өңірлік кеңесінің (БЕӨК) V Бас Ассамблеясының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Бүкілеуропалық өңірлік кеңестің Вице-президенті болып сайланды. Аталған шешім қазақстандық кәсіподақ қозғалысының халықаралық деңгейдегі беделінің өсіп келе жатқанын көрсетіп, Еуропа өңіріндегі кәсіподақтармен өзара іс-қимылды жаңа сапалы деңгейге көтеруге зор мүмкіндік берді.
Осы, 2023 жылы Түркі мемлекеттері арасындағы кәсіподақтық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Әзербайжанның Шуша қаласында өткен саммит барысында Түркі мемлекеттері кәсіподақтарының ұйымы (OTUTS) құрылып, оған Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстанның кәсіподақ орталықтары мүше болды. 2024 жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен съезде Сатыбалды Даулеталин аталмыш ұйымның Бас хатшысы болып сайланды. Бұл Қазақстанның аймақтағы кәсіподақ қозғалысында жетекші рөлге ие болғанының нақты көрінісі.
Тағы бір маңызды оқиға - 2024 жылы Қазақстанға Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Гилберт Унгбо мырзаның ресми сапары болды. Бұл сапар шеңберінде Кәсіподақтар федерациясы мен ХЕҰ арасында бірқатар маңызды келіссөздер жүргізіліп, ынтымақтастық бағыттары нақтыланды. Кездесу барысында әлеуметтік әділеттілік, әділ еңбек, еңбек қауіпсіздігі, жастар мен әйелдердің құқықтарын қорғау сияқты мәселелер кеңінен талқыланды.
Сол жылдың өзінде, Халықаралық Еңбек Ұйымымен өзара тиімді ынтымақтастық аясында, Қазақстандағы «Лайықты еңбек» бойынша Елдік бағдарламаны қайта жандандыру бастамасы жүзеге асырыла бастады. Бұл - Кәсіподақтар федерациясы үшін аса маңызды бағыттардың бірі. 2023 жылы Ұлттық құрылтайда Федерация бұл мәселе бойынша нақты ұсыныстарын Үкіметке жолдап, қолдау тапты. Ал 2024 жылы Женевада өткен ХЕҰ-ның 112-сессиясында Қазақстан мен ХЕҰ арасындағы бірлескен іс-қимылдардың нақты жоспары - Жол картасы қабылданды.
Бұл құжат - Қазақстанның еңбек нарығында халықаралық стандарттарды енгізу жолындағы нақты, әрі маңызды қадамдарының бірі саналады. Сонымен бірге, бұл - кәсіподақтардың мемлекеттік деңгейдегі саясатқа ықпал етіп отырғанының айқын дәлелі.
Сондай-ақ, Халықаралық еңбек ұйымы, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесіп, әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелері бойынша 200-ге жуық халықаралық конференциялар, семинарлар, форумдар мен кеңестер өткізілді.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы көптеген елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтарымен тығыз ынтымақтастық орнатты және халықаралық кәсіподақ қозғалысында да өз орнын бекемдеп алды.
Бердіғали Өмірәлі,
«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы»
аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы