Әрбір ескерткіштен ел тарихы, мәдениеті, рухани келбеті көрініс береді
Ескерткіш – өткен тарихымыздың белгісі. Әрбір ескерткіште ел тарихы, мәдениеті, рухани келбеті жатыр. Жалпы Шымкент қаласы 2200 жылдық тарихы бар еліміздегі ең көне қалалардың бірі.
Қала аумағы археологиялық ескерткіштерге бай, соның ішінде Шымкент қалашығының (б.з.д. ІІ-б.з.ХІХ ғ.ғ.) өз тарихы бар. Ескі қалашық Шымкент қаласының оңтүстік бөлігінде Бадам және Қошқар ата өзендерінің арасындағы биіктікте орналасқан. Қалашық б.з.д ІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың екінші жартысын қамтиды.
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері Н.Төлееваның айтуынша, қала аумағында 2003-2004 жылдары жергілікті әкімшіліктің қолдауымен, 2004-2008 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. «Бұл бағдарламалар аясында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарын археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаев басқарды. Жүргізілген қазба жұмыстарда көне шаһардың көптеген сырларын ашты, жәдігерлер табылды. Мәселен, 2003-2020 жылдардағы қазба нәтижесінде қаланың 2200 жылдық тарихы бар екендігін дәлелденді», - дейді ол.
Бүгінгі күні бұл жәдігерлердің барлығы мемлекет қорғауына алынған. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану ісі 2019 жылы 26 желтоқсанда қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптарына сәйкес атқарылып, реттеліп келеді. Осы Заңның 5-бабына сәйкес, тарихи және мәдениет ескерткіштерге - Археология ескерткіштер; Қала құрылысы және сәулет ескерткіштері; Ансамбльдер мен кешендер; Киелі объектілер; Монументтік өнер құрылыстары жатады. Соның ішінде археологиялық ескерткіштерге – тұрақтар, қалашықтар, көне кесенелердің, қоныстардың, бекіністердің, өндірістердің, арналардың, жолдардың қалдықтары, қорымдар, қорғандар, некропольдер, тас мүсіндер, петроглифтер, ежелгі елді мекендердің тарихи-мәдени қабатының учаскелері және адамның өмірі мен қызметінің ізі бар өзге де орындар жатады.
Міне, заңмен қорғалған сондай архиологиялық нысандардың бірі осы Шымкент қаласындағы Цитадель. «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері Н.Төлееваның айтуынша, Шымкент қаласы орталығында өзінің тарихи өзегі – Цитаделін сақтап қалған Қазақстандағы жалғыз шаһар. Ғылыми қызметкер қалашық өз заманында үш бөліктен: Цитадель, Шахристан және Рабаттан тұрған деген деректі алға тартты.
– Дәлірек айтар болсақ, Шымкент қаласында жүргізілген архиологиялық қазба жұмыстары аясында 2019 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен қаланың 2200 жылдық жасы белгіленіп, 2020 жылы Халықаралық іс-шаралардың тізіміне енгізілді. Бүгінде ескі қалашықта жүргізілген қазба жұмыстары әрбір кезеңнен мәлімет береді. Жалпы, қалашықтың жалпы аумағы 4,5 гектар жерді қамтиды. Бастапқы келбеті сақталынған археологиялық аймақ – ашық аспан астындағы музей. Қазба жұмыстары нәтижесінде қалашықта әртүрлі кезеңдердің мәдени қабаттары ашылған. Атап айтар болсақ, Х-ХІІ ғасырларға тиесілі Қарахан мемлекеті дәуірінің тұрғын үй жайларының орны; ХVІ-ХVІІ ғасырларға тиесілі Қазақ хандығы түсындағы тұрғын үйлердің орындары; ХVІ – ХІХ ғасырларға тиесілі Жасанды су тоғаны; Қазақ хандығы тұсындағы Ұстахана орны; Бекініс дуалдары және оған жапсарлас орналасқан казармалық бөлмелер; Бекініс дуалдарында орналасқан мұнаралардың орындары; Қалашықтың ішкі бекінісі – Цитадель орны; ІІ-ІV ғасырларға тиесілі Діни ғибадатхананың орны; Жер асты қоймасының орны және т.б. қазба орындары ашылған. Бұл атап өткен орындарға қарап, қаланың тарихы тереңде жатқанын көреміз, - дейді ол.
Археологиялық аймақтың 3 гектар жерінде мамандар қазба жұмыстарын жүргізіп, аймақ консервация және реставрациядан өткен. Бұл археологиялық нысан жасалуы мен дизайны жағынан өзінің түпнұсқасына жақын, бастапқы келбеті мен бекініс жүйесіне келтірілген. Шахристанның Оңтүстік шығыс және шығыс аймағына қазба жұмыстары жүргізіліп консервацияланған.
Ескі қалашықтың шығыс аймағында жануарлардың сүйектерінен, керамика бөлшектерінен төселген жол, тұрғын үй жайларының арасынан өтіп, шахристанның солтүстік бөлігіне дейін созылған. Бұл жолдың бойында қыш ыдыстар өндіру шеберханасы мен тереңдігі 12 метрді құрайтын құдықтың орны болғандығын болжанып отыр. Сонымен қатар, қалашықтағы қазба жұмыстардың нәтижесінде цитадельдің оңтүстігінде орналасқан б.з. ІІ-ІV ғғ. ғибадатхана ашылды. Бұл діни ғибадатхана археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесінде толықтай консервацияланған.
Ғылыми қызметкер «Қамалдың қорғаныс қабырғасына жапсарлас салынған шығыс мұнарасының өзіндік тарихы сақталған. Бұл – жаугершілік заманда шаһа халқына сырттан қауіп төнген жағдайда жаудан қорғану қызметін атқарған жерасты бекінісінің құрылысы. Оның үстіңгі бөлігі алыстан келе жатқан қауіптің алдын алу мақсатында тұрғызылып, оған дайындық белгісін беретін қарауылдық қызметін атқарған. Мұнара жолды бағдарлау мен жауды бақылау үшін және келе жатқан жауға қарсы шабуыл жасау үшін де пайдаланған, - деген қызық дерекпен бөлісті.
Кешен аумағындағы қазба жұмыстары нәтижесінде бөлмелер мен қорғаныс мұнарасы табылып, олар мамандардың көмегімен қайта қалпына келтірілген. Қазіргі таңда экспозициялық залдары бар үш музей келушілердің назарына үсынылып отыр. Олар: «Цитадель музейі», «Жер асты бекінісі музейі» және «Ұстахана мен ұстаның баспанасы музейі».
Шымкент қаласындағы Цитадель – жергілікті маңызы бар, тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының археологиялық объектісі болып саналады. Бүгінде «Ескі қалашықты» тамашалаушы қала қонақтары мен шет елдік туристер саны көбейіп келеді.