Ұлы тұлғаның мұраларын ұлықтаған орталық

Oinet.kz 17-09-2025 42

Ұлттың рухын көтерген Өзбекәлі Жәнібековтің мұраларын насихаттауда Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының атқарып жүрген жұмысы айрықша. 

Screenshot_15.jpg

Орталық тарапынан ұлт қайраткерінің тарихи-мәдени мұраларын кеңінен таныту, жастарға үлгі ету мақсатында  танымдық кештер, архивтерден ақтарылған жазбаларын  ел назарына ұсынып келеді. Бұл шаралар – ел тарихын терең танып, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Өзбекәлі Жәнібековтің елдік болмысқа қосқан өлшеусіз еңбегі арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға тәрбиелеу – орталықтың басты мақсаты.

– Қазақтың біртуар азаматы, ұлттың жанашыры, руханияттың шамшырағы болған Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына биыл 94 жыл толды. Өзбекәлі аға – ұмыт бола бастаған дәстүрімізді қайта тірілтіп, ұлттың жадына жан бітірген тұлға. Ол кісінің арқасында талай тарихи жәдігер елге оралды, ұлттық қолөнер мен ән-күй, рухани мұра жаңа тыныс алды. Қазақтың киіз үйінен бастап, күмбірлеген күйінен, зерлі ою-өрнегінен бастап, халық ауыз әдебиетіне дейін қайта түлеп, жас ұрпаққа жетті. Халық оны «мәдениет мәйегі», «ұлттың ұстазы» деп бағалады. Өйткені ол тек тарихты сақтап қана қойған жоқ, келер буынның кеудесіне ұлттық рухтың дәнін септі. Өзбекәлі Жәнібеков – ұлтының өткені мен болашағын жалғаған алтын көпір болды, - дейді орталық маманы Гүлшат Жақанова. 

Жуырда орталық мамандары этнограф әрі өнертанушы Өзбекәлі Жәнібековтің баспаға жарияланған кілем тоқу өнері жайындағы 

мақаласын ұсынды. Мақаладағы «қазақы кілем тоқу-тамырын тереңнен тартатын құбылыс. Әсіресе қарапайым да қысаңқы, сүлама өрмекте алаша, бау-баскүр, таңғыш тоқитын дәстүрдің атам заманнан келе жатқаны белгілі. Кілем қазақ тұрмысында маңызды роль атқарған: үйдің еденіне төселген, қабырғасына ілінген; оған қалыңдықтың жасауын да да, ел арасындағы сый-сияпатта да зор мән берілген; Қалы кілем тартып, айыпкер көрсеткен зұлымдығы үшін қарсы жақтан кешірім сұрайтын болған. Қазақы кілемде, оның тықыр немесе түкті түрінің қай қайсысын алсақ та, сызықша "сулармен" ажыратылатын жиегінде оншама қиындатылмаған өрнектерден тұратын қоршауы, этнографиялық әдебиетте «көл» айдын деген атпен белгілі орталық аясында қатар орналастырылатын және қайталай беретін тіке сызықты немесе нәубетатты өрнектен түзілетін табақшалар кездесіп отырады. Кілем табақшаларын әр жерде әр түрлі "күмбез","төбе", "табақ", "түр", "гул", "жұлдыз" деп атаған.  Қазақстанда бұрын кеңінен тараган тықыр кілем тоқымашылы ғы ұланғайыр кеңістікте көшіп-қонып күн елткен кешпелі қауымның тұрмыс-салтымен байланысты болған. Әсіресе қысаңқы жолақтардан құрастырылып тігілетін алаша ел ішінде көптен белгілі. Тықыр кілемнің торғай түрі, арабы, алты ауыл, адай кілем сияқты түр лері де көпшілік қолды болғанымен ерекше» деген деректер тарихтан сыр береді, кілем тоқу өнерін жіті зерттегенін көруге болады. 

Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде қазақ кілемдерінің бірегейлігі жойылып, олардың орнына фабрикалық өнімдер келді. Осы тұста Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен ұлттық өнер қайта жандана бастады. Оның бастамасымен музейлерде қазақтың көне кілемдері қайта жинақталып, халыққа ұсынылды. 

«Абай мұрасын зерттеу – ұлт болашағына қызмет»
Халықтың жаны – оның салт-дәстүрінде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу