«Абай мұрасын зерттеу – ұлт болашағына қызмет»
Абай Құнанбайұлының ұрпақтарының өмірі мен шығармашылық мұраларын зерттеуде Шымкент қаласының абайтанушы ғалымдары үлкен еңбек етуде.
Бұл зерттеулер – ұлттың рухани тұғырын нығайтуға, Абай дәстүрінің жалғасуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ғалымдар Абайдың балалары мен немерелерінің ұлы ақынның идеяларын насихаттаудағы рөлін ғылыми тұрғыда зерделеуде. Сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығы, рухани мұраның заманауи оқырманға жол тартуы сияқты маңызды мәселелерді зерттеу нысанына айналдырып отыр. Солардың бірі - Шымкентте жерленген Абай немерелерінің бірі Әубәкір Ақылбайұлы туралы зерттеулер. Зерттеуді қолға алған - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің PhD докторант Әзімхан Исабек.
– Әубәкір – Абайдың бәйбішесі Ділдадан туған Ақылбайдың баласы. Әубәкір туралы Ниязбек Алдажаров ақсақалдың зерттеулеріне үңілсек: «Әубәкір – Ақылбайдың баласы, туған шешесі – Зыхан. Оспанның үш әйелі болған. Еркежан, Зейнеп, Торымбала. Осы үш әйелінен де Оспан бала көрмеген. Ақылбайдың Әубәкірін бауырына салып, бала қылған. Әубәкір 1881 жылы туып, 1934 жылы Үржарда қайтыс болған. Әубәкірдің әйелі Бәкең руына сіңген ноғай Ысқақтың немересі, Жақыптың қызы – Кәмәлияны ел «Кәмәш» деп атап кетті. Кәмалиядан: Ғабсәләм, Әлихан деген екі ұлы болды. Бұлар Отан соғысында қаза болған. Қазір Әубәкірден ұрпақ жоқ, - дейді жас ғалым.
Ғалымның айтуынша, Әубәкірді жұрт Әукеш деп атаған. Әукеш сөзге ұста, тауып сөйлейтін, сықақшыл әрі мықты ақын болған. «Әубәкір туралы Әрхам Ысқақов естелігінде: «Абайдың өзі отырған үлкен үйінде Оспан бала ғып алған Ақылбайдың ортаншы ұлы Әубәкір қалды. Абай өз қолында он екі жыл тәрбиеледі. Көп жол, жоба көрсетті, бірақ, өлең айтудан басқа өнер таба алмады. Әубәкірдің ақындық таланты өте күшті болды. Әр кезде көзі көріп, көңілі сезген оқиғаны қолма-қол ауызша өлең ғып айтып отыратын еді. Әубәкір туралы Мұхтар Әуезов, Әрхам Ысқақов, Ниязбек Алдажаров, Бекен Исабаев, Тұрсын Жұрбай сынды ғалымдардың еңбектерінен мол нәр алуға болады. Осылардың ішінде Бекен ақсақал Әубәкірдің ақындығы турасында: «Турағұл кіші Ақшоқыны алған соңда Жидебай қорығын алудың әрекетін жасаған. Осы күнгі Шаһкәрім кесенесі мен Махмұт қорасының арасынан, кесенеден үш жүз қадамдай жерге қора салып, қоныстанған. Бұл Шәкәрімнің де, Әубәкірдің де наразылығын туғызса керек. Әубәкір Еркежанның төркініне көшкені де айтылады. Жалпы Әубәкір Жидебайдан алғашқыда қайын жұртына, екінші де Бақанасқа көшкен. Бұл туралы 1925 жазылған Шаһкәрім өлеңі бар. Өлең Абай мұражайында сақтаулы».
Әубәкір Ақылбайұлы шығармаларының қолжазбасы бүгінде Семейдегі Абай мұражайында сақталған екен.