Той рәсімі өз дәстүрінен ажырамауы керек

Oinet.kz 29-08-2025 20

Шымкенттік айтыскер ақын, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері Нұрлан Есенқұлов «сүндет той» рәсімі өз дәстүрінен ажырамай тойлануы керек деген пікір айтады. 

Screenshot_17.jpg

«Бүгінде сүндеттелген баланы тойда тақпен немесе көліктермен, атпен де алып шығып жүр. Ілгеріде бұл тойдың өз ырымдары мен дәстүрлері болған» дейді Н. Есенқұлов.

Жалпы, сүндет той — қазақ халқының балаға қатысты ең маңызды әрі қуанышты отбасылық дәстүрлерінің бірі. Бұл рәсім ұл баланың мұсылмандық жолға түсуінің, ер жетуінің алғашқы белгісі ретінде қарастырылады. Сүндетке отырғызу дәстүрі ислам дінімен бірге қалыптасып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып кеткен. Көбінесе бала 5, 7 немесе 9 жасында сүндетке отырғызылады. Бұл жасты таңдау бала денсаулығы мен психологиялық дайындығына байланысты жүзеге асырылады. Сүндет тойға арнайы мал сойылып, дастархан жайылады. Тойға ауыл-аймақ, туыс-туғандар шақырылады. Ұл балаға жаңа киім кигізіп, төсек-орын жабдықтары мен ойыншықтар, түрлі сыйлықтар беріледі. Кейбір өңірлерде арнайы думанды концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады, ат жарыс, көкпар сынды ұлттық ойындар өткізіледі. Сүндет той — баланы ер азамат ретінде қабылдап, оның өмір жолындағы алғашқы қадамдарын қолдау, діни әрі ұлттық жауапкершілікті арттыру, ел ішінде оны таныстыру дәстүрі. Сонымен қатар бұл той — қазақы тәрбиенің, бірлік пен қуаныштың көрінісі.

– Кезенде сүндет той рәсіміне атам қазақ ертерек үлкен дайындығын бастаған. Алдымен әкесі баласына лайықты етіп, ағаштан ер шапқан. Оны ашамай деп атаған. Ер салынған тайға бала отырып, ауыл-аймақты тойға сүндеттелген бала өзі шақырған. «Баланың қолы құр қайтпасын» деп сый-сияпатын қоржынға толтырған. Ол кезде сүндет тойы бөлек өткен. Қазір тойда баланы атқа мінгізеді. Кейбір өңірлерде той аталып та өтпейді екен. - дейді орталық қызметкері. Этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, бесік той мен сүндет той - қазақ дәстүріндегі балаларға арналған ең маңызды тойлардың бірі.  –Қазақ баланы бақытына балайды. Сүндет той мен бесік той қазақ халқының ең мәнді, ең мағыналы тойларының бірі.  Дәстүрімізді жаңғыртып, қалпына келтіріп, жатқанда мұндай салтымызды алып жүрудің өзі керемет, - дейді этнограф.

Иә, мән-мағынасы терең тойлар — халқымыздың рухани байлығы мен тәрбиелік ұстанымдарын көрсететін маңызды дәстүрлер. Олар ұрпаққа тәрбие беріп қана қоймай, ел бірлігін, салт-сананың жалғастығын сақтауға үлкен септігін тигізеді. Сүндет той — ұл баланың ғана емес, тұтас отбасының қуанышы. Бұл той арқылы ұрпаққа мұсылмандық дәстүр мен ұлттық тәрбиенің мәні түсіндіріледі. Демек, сүндет той — халқымыздың рухани құндылықтарын ұрпақ санасына сіңірудегі маңызды дәстүр.

«Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс»
Тарихшылар архивтік құжаттарды зерттей отырып, жаңа деректерді анықтауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу