Білім басқармасы есеп берді
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» – деген Қасым-Жомарт Тоқаев, халыққа арнаған Жолдауында білім саласына айрықша көңіл бөлу керектігін баса айтқан болатын.
Оқушы санымен мақтана алатын Түркістан облысында әр баланың сапалы білім алына қолайлы жағдай жасалуда. Облыстағы жалпы 1082 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы (мемлекеттік 915 мектепте 503 665 оқушы, жекеменшік 167 мектепте 51 088 оқушы) білім алуда. Алтын белгімен – 1617, Үздік аттестатпен – 2400 оқушы бітірді. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда Алтын белгіге бітірген оқушы саны 13,9%-ға артты. Бұл – үлкен көрсеткіш!
Түркістан облысының оқушылары 2024-2025 оқу жылында Республика деңгейіндегі олимпиадаларда 500-ге жуық оқушы жоғарғы деңгейде білімдерін сынады. Мысалы, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Қ.О.Бітібаева атындағы олимпиадада 9 оқушы бақ сынап, төртеуі жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, “Жарқын болашақ” республикалық қазақ тілі олимпиадасында 9 оқушы қатысып, 8 оқушы жеңімпаз атанды. Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалары конкурсында 6 оқушының төртеуі жоғары дәреже көрсетті. Бұл көрсеткіштің бір парасы ғана. Осы сынды 20-дан астам Республикалық, Халықаралық олимпиада бар.
Бұл туралы бүгін Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Түркістан облысының білім басқармасының міндетін атқарушы Жандос Маханбетұлы мәлімдеді.
Брифингте 2024 жылы Түркістан облысы білім басқармасы тарапынан атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер пысықталды.
Жалпылама емес, нақты мақсатты жұмыс жүргізу бүгінгі мобилді қоғамның басты талабы. Осыны ескере, жыл сайын оқу жылының соңында білім деңгейі ең төмен 100 мектепті электронды журнал арқылы анықтап, тек сол 100 білім беру ұйымына арналған мақсатты жұмыс жоспары әзірленді.
Сонымен қатар, оқушыларға профориентация бағытында «Bolashaq» Халықаралық бағдарламалар орталығы акционерлік қоғамы және Жоғарғы оқу орындарымен меморандум түзіліп, жүйелі кеңес беру менторлық жұмысы жолға қойылып отыр.
Бүгінде білім саласында атқарылып жатқан кезек күттірмес маңызды мәселелер туралы Жандос Маханбетұлы, мектептерді жаңғырту жобасы, интернетпен қамту, пән кабинеттері, білім беру нысандарының құрылысы, оқушыларды оқулық пен электронды оқулықпен қамту, мекемелерді табиғи газға ауыстыру, сондай-ақ, «біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар, қосымша білім беру саласы, балалар лагерлерін жаңғырту және де балаларды тасымалдау бойынша жан-жақты баяндады.
Жастар – ел болашағы. Ал, сол жастардың болашағы, Отанымыздың ертеңгі тағдыры. Осы ретте, қазіргі таңда облыс колледждерінде 40 691 студент білім алуда. Олардың 29 135-і мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданған.