Ұлттық жобаның игілігі көп
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 2024 жылы 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысанын салу жоспарланған. Бүгінде 1 нысан жеке инвестиция есебінен қолданысқа тапсырылса, 48 ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын.
Осы жұмыстарды пысықтау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жиын өтті. Оған жауапты басқармалар және мердігер компаниялардың жетекшілері қатысты. Өңір басшылығына атқарылған жұмыстар мен қазіргі таңдағы ахуалы баяндалды.
— Іссапарлар кезінде өзім құрылыс алаңдарын тұрақты араладым. Қарқынды бәсеңдетпеу жайлы ескертіп келдім. Өткен айда жиын өткізіп, құрылыс барысын талқылаған едік. Кемшіліктерді ретке келтіру бойынша тапсырма жүктелген. Бүгін бір айдағы нәтижемен таныстық. Тағы да ескертемін. Құрылыс уақтылы аяқталуы керек. Ескі ғимаратта болған ФАП-тардың бірқатары жаңа нысанға ауыстырылады. Жаңадан ашылатындары да бар. Материалдық-техникалық базамен және инфрақұрылыммен қамту, көгалдандыру жұмыстары сапалы жүргізілсін. Ауыл халық үміт артып отыр. Жауапкершілікпен қараңыздар!, - деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Айта кетейік, облыстағы ауылдық жерлерде 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынуда. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады.