Түркістан: Күзгі көгалдандыру жұмыстары желтоқсанға дейін жалғасады
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүріп жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан облысында күзгі тал егу, тазалық жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жуырда экологиялық шара аясында ауқымды сенбілік өтті.
Түркстан қаласындағы әуежай бағытындағы жолдың бойы жаңа көшеттермен толықтырылып, тіректерді жөндеу және жабайы шөптерді тазарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы 240 га жерге түрлі ағаш көшеттері отырғызылған. Олардың қатарында боз арша, жай арша, қарағаш, терек, айлант, жиде, тұт, бадам секілді көшет түрлері бар.
Аталған шараға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық ауыл шаруашылығы және облыстық ветеринария басқармасы мен «Жасыл аймақ» мекемесінен жалпы 3 мыңнан аса адам қатысып, 200-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес облысымызда күз және көктем мезгілдерінде ағаштар егу дәстүрге айналып келеді. Тереңдігі мен тамырының орналасуы бақылауда. Ауа райының ерекшелігін есепке алып, ағаштардың жерсіну көрсеткішін арттыруға жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында қала айналасынан жасыл желекті алқап құрылған болатын. Бүгінгі таңда «Жасыл белдеуде» толықтыру және күтіп-баптау, қала аумағын тазалау жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда, – деді басқарма басшысы Қайрат Абдуалиев.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, күзгі көгалдандыру жұмыстары қараша айының ортасында басталған болатын. Бұл жұмыстар 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Сонымен қатар биыл күз айларында өңірде 467 мың түп көшет егіледі деп күтілуде.