Сайрамда туризмді дамыту тапсырылды

Oinet.kz 29-10-2024 21

 000.jpg

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың атқарған жұмыстарын тыңдау, алдағы даму жоспарларын талқылау жалғасуда. Жуырда  Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтың есебі қаралды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында  ауданның 2030 жылға дейінгі даму жоспары баяндалды. Сондай-ақ, мәжілісте  экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды. Облыс әкімі аймақта өндіріс орындарын арттырып, инфрақұрылым жүйелерімен қамтуды, туризмді дамытуды тапсырды.

– Алдағы жылдарға арналған әр аудан, қаланың даму стратегиясындағы барлық жобалалар жүзеге асырылуы тиіс. Әр айтылған өзгертулер мен толықтырулар бекітіліп, ауыл-аймақты дамытудың тиімді жолдары жұмыс барысына алынады. Сайрам ауданының әлеуетін арттыру бағытында нәтижелі жұмыстар бар. Ауыл еңбеккерлерінің өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыруға бағытталған жобалаларды көбейту керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Биылғы 9 айдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 203,1 млрд.теңгеге жетіп, өсім 19,2%-ды құраған. Басым бөлігі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда, құрылыс салаларының үлесінде. Биылғы жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемін 269,0 млрд.теңгеге жеткізіп, 12% өсімді қамтамасыз ету жоспарланған. Соңғы 4 жылда өзіндік кірістер 2 есе ұлғайған.

Аудан әкімінің айтуынша, негізінен сүт, ет шаруашылығына маманданған, тамақ өнеркәсібі дамыған аудандардың бірі және кәсіпкерлік белсенділігі жоғары. Аудан халқының тығыз орналасуына байланысты тұрғын үй құрылыс үшін берілген жерлердің инфрақұрылым жүйелерімен қамтылмауы, инфрақұрылым жүйелерінің тозуы мен электр қуатының тапшылығы байқалады.

Жыл қорытындысымен 135 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарланып, жеке инвестиция есебінен 2,6 есе ұлғайту көзделген. Алдағы 6 жылда құны 1 115,3 млрд. теңгені құрайтын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және туризм салаларында 100-ден астам инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Нәтижесінде 7 мыңға жуық жұмыс орнын құру болжануда.

Облыс бойынша халқы ең тығыз орналасқан Сайрам ауданы экономикасының өсу резервтерін тиімді пайдалану және жаңа өндірістерді іске қосу есебінен өнеркәсіп өнім көлемін 2030 жылға 3,7 есеге немесе 205,4 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Яғни, жоспар бойынша 6 жылда 635,1 млрд.теңгенің өнімі өндірілмек. 2030 жылға мал шаруашылығы саласында құны 48,1 млрд.теңгеге 15 жобаны іске асырып, өнім көлемін 188,2 млрд.теңгеге жеткізу болжанып отыр.

Өнеркәсіп саласында 2030 жылға құны 912,7 млрд.теңгені құрайтын 48 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алдағы уақытта сүт өнімдерін өндіру, мал қалдықтарын өңдейтін цех, құрама жем шығаратын, ауыр жүк көліктерінің тіркемесін және арнайы жасақталған көліктер шығару сияқты жобалар мен тамақ өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыру көзделген.


Арыстың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы айқындалды
Түркістан: Мердігерлерге ескерту жасалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу