Түркістан: Мереке күні отбасылар баспаналы болды
Күн санап қарыштап дамып жатқан Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында солардың бірқатары пайдалануға берілді.
Дәлірегі Түркістан қаласында 260 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, азаматтарға баспана кілтін табыс етті.
– Сіздерді Республика күнімен құттықтаймын! Егемен еліміз мәңгі жасасын! Осындай айтулы мереке қарсаңында облыс орталығының тұрғындары қуанышқа бөленіп отыр. Біз халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Бізден бір ғана талап – айналаны таза ұстап, тазалықты сақтау, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан қаласының «Отырар» секторы аумағында 20 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде 9 тұрғын үйді «Бастау» корпорациясы арқылы сатып алу жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған азаматтарға үлестірілуде. Бүгін 3 тұрғын үй 123 көпбалалы отбасына, 129 халықтың «әлеуметтік жағынан әлсіз топтары» санатына енетін азаматтарға және 8 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға берілді.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде баспанаға мұқтаж 16 515 азамат тұр. Жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл облыс орталығында кезекте тұрған 222 отбасы арендалық баспанамен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар жыл соңына дейін кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 1728 пәтерлі 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.