Түркістан: «Жасыл белдеуге» 516 мың көшет егіледі

Oinet.kz 23-10-2024 41

28.jpg 

Түркістан қаласын көгалдандыру, қала іргесінен жасыл белдеу қалыптастыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіле береді. 

Жуырда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен селекторлық мәжіліс өтіп, осы бағыттағы тапсырмалардың орындалу барысы сараланды. Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев Түркістан қаласы айналасындағы «Жасыл белдеу» аумағында атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Биыл белдеуге күз айларында 516 мыңға жуық көшет егу жоспарланған. Ағаш егу науқанын 1-қарашадан бастау көзделіп отыр.

«Жасыл белдеу» аумағы бойынша 5 орманшылықта толықтыру жұмыстары атқарылып, қосымша 2 учаскеге ағаш көшеттері жаңадан отырғызылады. Облыс әкімімен бекітілген «Елді мекендерді көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспарына» сәйкес бүгінге дейін отырғызылған 1 миллионнан астам көшеттің өнімділігі 72 пайыздан асқан. Қазіргі таңда орман тұқымбағында 21 түрлі ағаш-бұтаның 5,7 миллион түп көшеті өсірілуде.

Облыс әкімінің орынбасары көшет үлестіруде елді мекендердің ауа райы мен топырақ ерекшеліктеріне назар аударуды тапсырды. Аудан-қала әкімдерінің салаға жетекшілік ететін орынбасарларына жауапкершілік жеке сұралатынын ескертті.

Екінші мәселе бойынша, Қайрат Абдуалиев облыс аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигон орындары мен қоқыс алаңдарының жағдайы жөнінде баяндама жасады. Облыс бойынша 831 елді мекеннің 361-інде қоқыс шығару жұмысы жүйеленген. Төмен көрсеткішпен көзге түскен Кентау, Арыс қалалары, Созақ, Сауран, Шардара, Бәйдібек және Сарыағаш аудандарында қатты тұрмыстық қалдық тасымалы тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Сонымен қатар белгіленген 135 қоқыс полигонының талапқа сәйкестігі зерделеніп, оларды оңтайландыруды жеделдету ұсынылды.

Нұрбол Тұрашбеков қатты тұрмыстық қалдық тасымалына қатысты бәсекелі орта қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

– Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіңіздер. Қоқыс тасымалын ұйымдастыруға ниетті жеке кәсіпкерлердің бетін қақпаңыздар. Тазалық мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бұл бағыттағы қызмет талапқа сәйкес атқарылғанда ғана ақысын төлеу барысында тұрғындар тарапынан сұрақ туындамайды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» акционерлік қоғамы облыс аумағында жүргізген космостық түсірілім нәтижесімен 367 қоқыс алаңы анықталған. Оның 298-і тазаланды, қалған 69 нүкте 1 аптада толық ретке келтірілуі тиіс. Дегенмен, бұл келеңсіздіктің салдарымен күрескеннен, оның алдын алуға жұмыс істеуіміз керек. Бейнебақылау камераларын орнатып, тазалық талаптарын бұзушыларға заң аясында шара көру арқылы нәтижеге жетуге болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мәжіліс барысында ветеринария саласындағы индикаторлардың орындалуы сараланды. Облыстық ветеринария басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Арман Тағаев бекітілген индикатор бойынша Жетісай, Мақтарал, Ордабасы, Отырар, Арыс, Түлкібас аудандарында жұмыс кенжелеп тұрғанын жеткізді. 2024-жылы қажетті ветеринариялық нысандарды салу үшін аудан, қала әкімдіктерімен үш жақты келісім шарт түзілген. Нәтижесінде бүгінгі таңда малға арналған 9 қорым мен үй жануарларын шомылдыратын 10 орын салынған.

Селекторлық мәжіліс қорытындысымен хаттама түзіліп, тапсырмалар нақтыланды.

 


Түркістан облысында балық шаруашылығы жанданып келеді
Аким сделал первый ход: в Шымкенте проходит второй этап женского Гран-при ФИДЕ 2024–2025
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу