Кентаудың өндірістік әлеуетін көтеру – уақыт талабы
Кентау қаласының өндірістің әлеуеті зор. Кеншілер қаласында индустриалды аймақ жұмыс істейді. Дегенмен шаһарда әлі де болса толық мүмкіндік пайдаланылмай отыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасуда. Жуырда Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ауданның 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштерін баяндады.
Облыс әкімі шаһарды дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Қаланың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айтып, өндіріс орындарын ашуға ашуға күш салуды, инвестиция тартуды, туризмді қолға алуды тапсырды.
Даму тұжырымдамаларына қатысты экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды.
– Кентаудың даму әлеуеті зор. Шаһарда жаңа кәсіпорындарды ашу үшін индустриалды аймақ құрылған. Аймақ жол, жарық, ауыз су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бірақ әлі де ірі жобалар жоқтың қасы. Қаланың өндірістік әлеуетін көтеру – уақыт талабы. Шаһардың дамуына тың серпін беретін жобалар қажет. Әкім әмбебап болу керек. Ел үшін жұмыс істеп жатқан әр қызметкер әділ, турашыл, халықшыл болуы шарт. Тәжірибе, білім, кәсібилік талап етіледі. Жетпесе, үйреніңіздер. Көрші елдерге барып, тәжірибе жинаңыздар. Оқудан, білім алудан ешқашан жалықпау қажет. Түрлі мемлекеттердің тәжірибелерін күніне бақылап отырыңыздар, меңгеріңіздер. Халыққа жағдай жасаудың жолдарын арттыру керек. Әр аудан, қала өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай жағдайға жетуі тиіс. Қазына қаржысына тәуелділікті төмендетіп, ішкі және сыртқы инвестициларды тартуда үздіксіз жұмыс істеңіздер. Осы бағытта жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
9 айдың қорытындысымен Кентаудың жалпы өңірлік өнімнің көлемі 61 млрд. теңгені құрады. Қала әкімінің айтуынша, 2030 жылға дейін жергілікті кірістер көлемін кемінде 1,5 есеге дейін арттыру көзделіп отыр. 2023 жылы қалаға 46,7 млрд. теңге инвестиция тартылған болса, 2024 жылы оның көлемін 50 млрд. теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Биылғы 9 айда нақты 17,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Кентау қаласының аумағында геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге тартымды, пайдалы қазбаның зерттелмеген және пайдаланылмаған жеткілікті қоры шоғырланған. Қала аумағында орналасқан Арнайы экономикалық аймағы мен Индустриалды аймағының мүмкіншіліктерін және еңбек потенциалын ескере отырып, дамытудың негізгі бағыты ретінде өнеркәсіп саласында тау-кен және өңдеу өнеркәсіптеріне басымдық беріледі. Өзге салалар бойынша да тиісті жұмыстар атқарылады.
Кентау қаласында 2024-2030 жылдарға жалпы құны 226,6 млрд. теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 1791 адам жұмыспен қамтылады. Туризм саласында 2025 жылы 2 жоба іске асырылады. Жалпы құны - 959 млн. теңге, жұмыс орны – 70 адам.
2025-2030 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың есебінен 2,5 млрд. теңге салықтық түсімдері түседі деп жоспарланып отыр.
Іске асырылатын инвестициялық жобалардың нәтижесінде жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2030 жылға дейін 2 есеге арттыру жоспарлануда. Оның ішінде өнеркәсіп саласындағы өнімді 2,4 есеге арттыру, ауыл шаруашылығы саласын 1,5 есеге, құрылыс саласын 1,6 есеге арттыру көзделген.