Түркістанда тазалық шаралары күшейтіледі
Түркі елінің астанасы - Түркістан қаласына келушілер саны жыл санап артып келеді. Осы ретте, келушілер назарын аударатын қаланың сәулеті мен кіреберіс аумақтарды абаттандыру үлкен маңызға ие.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһарға кіреберіс аумақтарды аралап, тазалық пен абаттандыру жұмыстарының барысын қадағалады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдымен, қала басшысы «Яссы» секторында орналасқан саябақ, Кентау, Қызылорда және Алматы тас жолдарының бойындағы қалаға кіреберіс аумақтардың абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Қала сәулеті мен тазалығына баса назар аударған Әзімбек Пазылбекұлы аталған аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Полиция департаментінің өкілдеріне заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандары мен қала тұрғындарына келеңсіз жағдай туындататын автотұрақтардан тазалауды тапсырды.
Аралау барысында Әзімбек Пазылбекұлы Қолөнер орталығының құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты. Киелі шаһарда қолөнершілердің әлеуеті зор екенін тілге тиек еткен қала басшысы жұмысты ширатуды тапсырды.
Елімізде теңдесі жоқ туристік кешеннің жалпы алаңы – 2,56 га. Қолөнершілер қалашығы 25 архитектуралық нысаннан тұрады. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан қаласын қолөнершілер орталығына айналдыру бағытында ірі жобалар қолға алынған. Қаланың мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы бой көтеріп жатыр. Жаңа қалашықта ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, даярлау технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберхана, қонақүйлер мен ас үйлер салынбақ. Осы ерекше жоба арқылы өңірге туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту, қолөнершілерге қолдау көрсету, жұмыс орындарын ашу, ұлттық брендті қалыптастыру көзделіп отыр.