Қарттарым—қазынам!
1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесін Шардара ауданы жоғары дәрежеде атап өтті.
Аудандық «Абай» мәдениет үйінде «Қариялар – асыл қазынамыз» тақырыбында өткізілген мерекелік іс-шараға қала мен ауылдық округтерден тыл және еңбек ардагерлері, зейнеткер ата-әжелер мен тұрғындар жиналды. Салтанатты шараға жиналған ардагерлер қауымының алдында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев құттықтау сөз сөйледі. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Қымбатты ардагерлер! Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күні меркесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп келесіздер. Елімізде ардагерлердің жақсы өмір сүруіне көп көңіл бөлінуде. Жыл сайын зейнетақының өсуі, көпбалалы аналардың жәрдемақысының артуы, сондай-ақ, соғыс және еңбек ардагерлеріне жасалып жатқан жеңілдіктер – аға буын өкілдеріне арналған қамқорлық. Қариясын құрметтеген елдің қашан да болашағы жарқын, мерейі үстем болары анық. Әрқашан да арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, үлгі-өнеге көрсете береді деп сенемін! Сіздерді тағы да төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, берекелі де ұзақ ғұмыр тілеймін! – деді.
Мерекелік шара барысында ауданның өсіп-өркендеуі жолында еселі еңбек еткен 100 ардагер қартқа аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлық тарту етілді. Ардагерлерге деген ақ тілекті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков айтып өтіп, бірнеше қарияны марапаттады. Шардаралық ардагерлердің тойына ауданның талантты әншілері өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті.
Айта кетейік, аудан көлемінде 7 мыңнан астам зейнеткер ғұмыр кешеді. Ардагерлер қауымы қала мен ауылдарда 30 бастауыш ардагерлер ұйымына топтасып, ауызбіршілікпен жұмыс істеп келеді. Ауданда ардагерлердің игілігі үшін атқарылып жатқан дүниелер жетерлік. Соның бірі аудан әкімінің бастамасымен тамыз айында 30 зейнеткер Астана қаласына тегін саяхат жасаған болатын.
Дәл осындай тағылымды шара Арыс қалалық мәдениет үйінде де ұйымдастырылды. Шараға қалалық Ардагерлер кеңесі мүшелері мен әр салада еңбек еткен ардагерлері арнайы шақырылып, ерекше құрмет көрсетілді.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова ардақты ардагерлерді айтулы күнмен құттықтап, жалпықалалық мәдени шараларға белсенді қатысып, саламатты өмір салтын ұстанған және қаламыздың дамуына зор үлес қосқан ата-әжелерді медальмен және Алғыс хатпен марапаттады. Шаһар басшысы құттықтау сөзінде ардагерлердің ел мен жердің дамуына қосқан үлесі орасан екенін атап өтіп, олардың даналығы мен өмірлік тәжірибесі келешек ұрпаққа үлгі екенін айтты.
Шарада Мәдениет үйінің өнерпаздары ардагерлердің құрметіне ән мен биден, сахналық қойылымдардан тұратын әсерлі концерттік бағдарлама дайындап, мерекені шынайы қуанышқа бөледі. Шара барысында ардагерлер өздерінің естеліктерімен бөлісіп, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар 300-ге жуық ардагерге мерекелік сыйлықтар табысталып, олардың өмірлік еңбектері мен қоғамдағы орны тағы бір мәрте құрметтелді. Мерекелік шара ардагерлерге деген құрмет пен ізеттіліктің айқын көрінісі болып, ерекше көңіл күймен аяқталды.