Бағаны негізсіз көтергендер жазаланады
Түркістан облысында азық-түлік бағаларының тұрақтылығы басты назарда. Мемлекет басшысы елімізде бағалардың өсуіне бақылау жасауды және тұрақтандыру қорлары арқылы азық-түлік тауарлары нарығын тұрақтандыруды тапсырған болатын.
ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, сатушылар шекті сауда үстемесінің жол берілетін мөлшері өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда берушінің сатып алу бағасының 15 (он бес) пайызынан асырмау тиіс. Қазіргі таңда Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тарапынан, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің» 204-4-бабына сәйкес ішкі сауда субьектісінің «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңнамасында белгіленген ӘМАТ-қа сауда үстемесінің мөлшерін асырып сатқаны үшін облыс бойынша 213 кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік шара көріліп, заң бұзушылықтар жойылды.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша,
қазіргі уақытта ӘМАТ тізіміне 19 тауар кіреді. Олардың қатарында бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді), рожки (өлшеніп салынатын), қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын), тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын), картоп, асханалық сәбіз, басты пияз, ақ қауданды қырыққабат, ақ қант – құмшекер, күнбағыс майы, сиыр еті (сүйекті жауырын – төс бөлігі), тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік), майлылығы 2,5% болатын жұмсақ қаптамадағы пастерленген сүт пен айран, сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5%, толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ), тауық жұмыртқасы (І санатты), ас тұзы («Экстра»-дан басқа), сүзбе, майлылығы 5-9% кіреді.
Айта кетейік, жалпы Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты және бағасын негізсіз өсірмеу бойынша жұмыстар күнделікті бақылауда. Сонымен қатар тиісті шаралар өз кезеңімен жалғасады.