Түркістан: Жыл соңына дейін 221 үй пайдалануға беріледі
Түркістан облысының тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар ауқымды. Облыс аумағындағы барлық аудандарында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр. Жаңа ғимараттардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс көлемінде биыл жалпы 2469 пәтер салу жоспарланған. Атап айтқанда, Қазығұрт және Созақ аудандарында 36 пәтерлі, Мақтаарал ауданында 56 пәтерлі, Бәйдібеке 21 пәтерлі, Жетісай және Сарыағаш аудандарында 90 пәтерлі, Келесте 106 пәтерлі, Ордабасы және Шардара аудандарында 120 пәтерлі, Отырар ауданында 50 пәтерлі, Сауранда 64 пәтерлі, Төлеби ауданында 118 пәтерлі, Түлкібаста 68 пәтерлі, Сайрам ауданы, Арыс және Кентау қалаларында 60 пәтерлі тұрғын үйлер бой көтеруде. Сонымен қатар облыс орталығында 1 314 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
2024 жылдың соңына дейін 221 үйдің құрылысы аяқталып, 2469 пәтер кезекте тұрған азаматтарға пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Аталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы облыстық құрылыс басқармасының мамандарының да тұрақты бақылауына алынған.