Бүкіләлемдік тазалық күнінде сенбілік ұйымдастырылды

Oinet.kz 22-09-2024 30

11.jpg 

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында Президенттің тапсырмасы бойынша өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы шаралар  Бүкіл әлемдік тазалық күнімен сабақтастырыла өтті. Аудандық сенбілік жұмыстарына әр мекеме өзіне жүктелген аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді.

Сенбілікте республикалық, облыстық маңызы бар автожолдардың, ішкі көшелердің бойында күл-қоқыстарды жинау, арық-атыздарды тазалау, шөптерді ору, әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарында аудан бойынша жалпы 38 тонна қоқыс шығарылып, 3 000-ға жуық адам, 53 арнайы техника жұмылдырылды.

Сенбілік жұмыстары Кентау қаласында және қалаға қарасты Хантағы, Байылдыр, Ащысай, Қарнақ ауылдарында жүргізілді. Оған бюджеттік мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Айта кетейік, сенбілік мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық тазалықты сақтауға атсалысу және туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту. Сонымен қатар, әрбір тұрғынның қала тазалығы мен көркеюіне үлес қосуына мүмкіндік жасау.

Созақ ауданында да барлық ауылдар мен елді мекендерде Бүкіләлемдік тазалық күніне орай сенбілік өтті.

Аудан орталығы Шолаққорған ауылында тұрғындар 144 көшеге тазалық және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, шараға қатысушылар саябақтар мен ішкі көшелерді ретке келтірді. Сонымен қатар, "Шымкент-Созақ" бағытындағы жолдар мен айналма жолдың бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Ауыл сыртындағы сай-сала мен су өткізгіш құбырлар да қоса қамтылып, ауылдардың аумағы абаттандырылды. Бірқатар бөлімдер мен мекемелер "Шолаққорған - Түркістан" бағытындағы “Жасыл белдеу” аумағына жұмылдырылды. Онда негізсіз өскен шөптерді отап, тал көшеттердің түптері әктелді.

Сенбілік жұмыстарына 2 250-ге жуық түрлі мекеме қызметкері және белсенді жастар мен ауыл тұрғындары атсалысты. Жалпы 16 арнайы техника жұмылдырылып, 23 шақырым көше бойлары мен 13 шақырым аяқ жолдар ретке келтірілді. Бұдан бөлек, өзен-көлдер мен арықтардың 11 шақырымы тазаланып, арнайы орынға 145 тонна қоқыс тасымалданды.

Ал облыс орталығы Түркістан қаласындағы тазалық шарасын өткізуге Тараз, Шойынбет би, Қорқыт ата, Баба түкті Шашты Әзіз көшелері мен Бекзат, Бірлік секторларындағы және 9-көше төңірегіндегі аймақтар белгіленді.

11 мекеме қызметкерлері, қоғамдық негізде жұмылдырылған жұмысшылар, жалпы 800-ге жуық азамат “Таза Қазақстан - Таза қуат” сенбілігіне қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты.

Жиналған қоқыс пен шабылған шөптерді тасымалдауға 10 техника тартылды. “Таза Қазақстан” эко-шарасы аясында облыс орталығында аптасына 2 рет тұрақты түрде сенбілік ұйымдастырылып келеді.


Түркістанда су үнемдеу технологиясы қарқынды енгізілуде
Кентау: Жылу орталығындағы жұмыстар тексерілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу